Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2025 жылға ұлттық фильмдер деп тануға үміткер киножобаларды іріктеу үшін басым тақырыптарды бекітті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстанда ұлттық киноны дамытуға бағытталған жаңа ережелер бойынша киножобаларды іріктеу жалғасуда. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
"2024 жылдан бастап біз киножобаларды іріктеу ережелерін өзгерттік. Ұлттық киноны дамытуға басымдық беріп, процесті анағұрлым ашық еттік. Екінші жыл қатарынан біз осы жаңа ережелер бойынша жұмыс істеп келеміз және атқарылған істе айтарлықтай нәтиже бар", – деп жазды министр өз әлеуметтік желідегі парақшасында.
Министрдің айтуынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2025 жылға ұлттық фильмдер деп тануға үміткер киножобаларды іріктеу үшін басым тақырыптарды бекітті. Бұл тақырыптар халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын көрсететін, ұлттық мүддемізге сай келетін және өзекті мәселелерді көтеретін фильмдер түсіруге бағытталған.
Биыл байқау үш жанр бойынша өтеді:
Ойын фильмдері – отан, отбасы, еңбекқорлық және патриотизм тақырыптарынан бастап, балаларға арналған фильмдер, қазақ ертегілерінің анимациясы және ғарыш туралы киноға дейінгі жобалар.
Анимация – ұлттық құндылықтарды, достықты, намыс пен жігерді, ата-анаға құрметті насихаттайтын жобалар.
Деректі фильмдер – мемлекет мерейі, ғылымдағы жетістіктер, экология, IT-технологиялар, мәдениет және көрнекті тұлғалар туралы фильмдер.
"Сондай-ақ, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруға бағытталған идеологиялық киноға ерекше назар аударамыз", – деді Аида Балаева.
2025 жылға арналған киножобаларды іріктеу бойынша басым тақырыптар 5 қаңтарда жарияланды. Байқаудың ресми ашылуы 5 наурызда өтеді. Өтінімдерді қабылдау 13 наурызда аяқталып, жобалар сараптамалық кеңеске беріледі. Әр бағыт бойынша жеке комиссия жұмыс істейді.
БҰҒАН ДЕЙІН
Мемлекет қаржыландыратын барлық фильм енді тек қазақ тілінде түсіріледі, ол фильмдер прокатқа екі тілде шығады деп хабарлаған едік.