Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оразаны кімдер кейінге қалдыра алатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
- Жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенетін адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйел адамдар ораза ұстауды кейінге қалдыра алады. Оған шариғатымыз рұқсат еткен. Расында ислам діні ауыз бекітуге, зекет пен садақа беруге шамасы жетпейтін адамдарды ауыртпалықтан босатқан. Ал мүлде ораза ұстауға, садақа беруге жағдайы жетпеген жандар Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтып, үнемі дұға-тілекте болуы керек, дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.
ОРАЗА БАСТАЛАТЫН КҮН
Еске салайық, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекіткен еді.
ОРТАҚ ПӘТУӘ
Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.
ПІТІР САДАҚА МӨЛШЕРІ
Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.
Сондай-ақ өзіңізге қажетті облыс, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін жоғары сапада pdf форматта muftyat.kz сайтынан сілтемесі бойынша жүктеп алуға болады.