Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Еуроодақ Ресейге қарсы жариялаған 16-шы санкциялар пакетінің тізімінде расында да, Қазақстанның екі компаниясы болғанын, ол компаниялар жұмысын істеп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШАҚҚАЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ
Санкциялардың 16-шы пакеті жарияланды. Қазақстанның екі компаниясы сол тізімнен көрінді. Бұрын ол екі компания АҚШ пен Канада енгізген санкциялар тізімінде болған. Компаниялар көлік құрастыру саласында жұмыс істеген. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтеріне қарағанда, қазір ол екі компания сыртқы сауда саласында жоқ. Қазақстан аумағында ғана жұмыс істейді. Бұл компаниялар жабылған жоқ, бірақ жұмыс бағытын өзгертті, – деді Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
“Ол компаниялар жойылмай ма” деген сұраққа Арман Шаққалиев “ондай ақпаратты білмеймін” деп жауап берді.
САНКЦИЯЛАРДЫҢ 19-ШЫ ПАКЕТІ
Осыдан бірнеше күн бұрын Еуроодақ елдерінің елшілері Украинаға басқыншылық жасаған Ресейге қарсы 16-санкция пакетін қабылдаған еді. Жаңа шектеу шаралары Еуроодақ елдеріне ресейлік алюминий өнімдерін сатып алуға кезең-кезеңімен тыйым салады. Бұдан бөлек, Ресейден мұнай экспортына шектеу күшейеді деп отыр. Бұған қоса, Ресейдің "көлеңкелі флоты" деп аталатын 73 танкер санкцияға ілігеді деп отыр, ақпаратқа қарағанда, олар мұнай саудасында шектеулерді айналып өтуге қолданылады. "Қара тізімге" 13 банк қосылмақшы. Бұған дейін Ресейдің 15 банкі, соның ішінде "Уралсиб" және "Точка" деген банктеріне санкция салынуы мүмкін деген хабар шыққан.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 48 жеке және 35 заңды тұлғаға санкция салынады, арасында Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесті делінген Үндістан, Қазақстан, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Түркия мен Өзбекстандағы компаниялар бар.