Шымкент қаласы әкімінің су жаңа орынбасары қоғамдағы өзекті мәселе дін тақырыбын да тілге тиек етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“БАРЛЫҒЫ ДЕП АЙТА АЛМАЙМЫН”
ULYSMEDIA арнасындағы сұхбатта Самал Ибраева Руслан Берденовтен қазіргі жастардың дінге деген көзқарасы туралы сұрайды. Әсіресе “жастар жаппай дінге бет бұрған жоқ па?” дейді.
“Барлығы деп айта алмаймын. Бұл сіздердің салаларыңызда (ред. журналистикада) жүрген адамдардың сөздері. Ондай емес қой статистиканы қараңызшы”, – дейді Берденов.
“БӘПИ ДІН ЖОҚ КЕЗДЕ ӨМІР СҮРГЕН”
Бұған жауап ретінде сұхбат алушы Самал Ибраева мәжіліс депутаты, Берденовтің бұрынғы әріптесі Ермұрат Бәпиді келтіреді.
“Ермұрат Бәпи өзі дін жоқ кезде өмір сүрген адам. Ол кезде дінге қарсы. Ол сол буын. Ондай менің жақындарым да, туысқандарым да көп. Себебі совет одағында дін болмады, құдай болмады”, – деп жауап қайтарады Берденов.
Сөз соңында Шымкент қаласы әкімінің су жаңа орынбасары діни ағымдар туралы да пікірін білдіреді.
“Сәләфиттер негативтерін қалыптастырды. Ол рас.Мен оған қарсымын. Мен өзім қазақы құндылықтарды, ата-бабамыздың ұстанған дінін жақтаймын. Қай ата-бабамыз тәңіршіл болды? Қай ханымыз тәңіршіл болды. Олар қателік жасамады. Діндегі адамдар көп пе? Аз ба? Статистиканы қарадым. Құлшылық қылатындар 2 пайыздан көп емес екен”,- деді Руслан Берденов.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қазақстанда саясатта биікке көтерілу оңай емес. Кәсіпкерліктен Парламентке, одан әкімдіктегі жоғары лауазымға дейін жету үшін қандай қадамдар жасау керек? Саяси амбиция мен саяси қателік арасындағы шекара қайда? «Бэтмен» деген лақап атқа ие болған Берденов Шымкентке қандай өзгерістер әкеледі? Ол мүдде қақтығысынан қорықпай ма? Бұл сұрақтардың жауабын ULYSMEDIA арнасында Самал Ибраеваға берген сұхбатында Руслан Берденовтің өзі берді.
СҰХБАТТЫҢ НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫПТАРЫ
Берденов мырзамен сұхбат барысында көтерілген маңызды мәселелердің бірі — Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас пен экономикалық тәуелділік. Сондай-ақ, ол қоғамдағы құндылықтар, жастар арасындағы дін мен тіл мәселелеріне қатысты өз пікірін білдірді.
Сұхбаттың толық нұсқасы ULYSMEDIA арнасында.