Украина президенті Владимир Зеленский өз елінің бейбітшілікке деген ұмтылысын тағы да растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Украина президенті Владимир Зеленский өз елінің бейбітшілікке деген ұмтылысын тағы да растады.
«Ешқайсымыз шексіз соғысты қаламаймыз. Украина мүмкіндігінше тезірек келіссөздер үстеліне отыруға дайын, бұл тұрақты бейбітшілікке жақындатады», — деп мәлімдеді ол.
Зеленскийдің айтуынша, украин халқы бейбітшілікті бәрінен де қатты қалайды. Президенттің командасы АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың күшті басшылығымен жұмыс істеуге әзір екенін білдірді.
«Менің командам және мен ұзақ мерзімді бейбітшілікке жету үшін президент Трамптың басшылығымен жұмыс істеуге дайынбыз», — деді Зеленский.
СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН БАСТАПҚЫ ҚАДАМДАР
Зеленский соғысты тез аяқтауға дайын екенін айтты. Алғашқы қадамдар ретінде тұтқындарды босату және әуе кеңістігінде бітім орнату ұсынылды.
«Зымырандар, алысқа ұшатын дрондар, энергетикалық және басқа да азаматтық инфрақұрылымға жасалатын шабуылдарға тыйым салу, сондай-ақ теңізде дереу бітімге келу — алғашқы қадамдар бола алады», — деді ол.
Сондай-ақ, Украина АҚШ-пен бірге тұрақты түпкілікті келісімді талқылауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл келісімдердің тез әрі нәтижелі жүзеге асуы үшін нақты жоспарлар ұсынылды.
«АМЕРИКАНЫҢ КӨМЕГІН АСА БАҒАЛАЙМЫЗ»
Зеленский АҚШ-тың Украинаға көрсеткен көмегін ерекше атап өтті.
«Америка Украинаға өзінің егемендігі мен тәуелсіздігін сақтау үшін жасаған қолдауларын жоғары бағалаймыз», — деп алғысын білдірді ол.
Әсіресе, Трамп әкімшілігі кезінде берілген «Джавелин» зымыран кешендері маңызды рөл атқарғанын айтты.
ВАШИНГТОНДАҒЫ КЕЗДЕСУ ЖӘНЕ БОЛАШАҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Президент Зеленский Вашингтонда, Ақ үйде өткен кездесудің жоспардағыдай болмағанына өкініш білдірді.
«Өкініштісі, кездесу ойдағыдай өтпеді. Жағдайды түзейтін уақыт келді», — деді ол.
Украина алдағы уақытта АҚШ-пен сындарлы әрі нәтижелі ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАР БОЙЫНША КЕЛІСІМ
Зеленскийдің айтуынша, Украина пайдалы қазбалар мен қауіпсіздік мәселелері бойынша келісімге кез келген уақытта қол қоюға дайын.
«Бұл келісімді қауіпсіздікті күшейтуге және тұрақты кепілдіктерге жасалған қадам ретінде қарастырамыз және оның тиімді жұмыс істейтініне шын жүректен үміттенемін», — деді Украина президенті.
БҰҒАН ДЕЙІН
28 ақпанда Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі бүкіл әлемнің назарына ілінді. Кездесудің шиеленісті сипаты мен күтпеген нәтижесін атап өтпегендер кемде-кем.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі күтпеген жерден дау-дамаймен аяқталып, келіссөздердің мерзімінен бұрын тоқтауына апарып соқты. Бүкіл әлемдік БАҚ Трампты сынға алды, әсіресе танымал Daily Mail басылымының мақаласы «Трамп жұма күні қазіргі заман тарихындағы ең үлкен дипломатиялық апаттардың біріне жетекшілік етті» деген тақырыппен шықты.