NNEF қоғамдық қоры ҚБТУ-ға қатысты жағдайға түсініктеме беріп, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРУ ҚАЖЕТ ДЕП САНАЙМЫЗ”
Қазақстан-британ техникалық университетінің активтері биыл 27 ақпаннан бастап Қайтарылған активтерді басқару компаниясының балансына берілген.
Акционердің өзгеруі қордың еркінен тыс, сот шешіміне сәйкес жүзеге асырылды, – делінген қордың мәлімдемесінде.
NNEF қор 2018 жылы заңға сәйкес өткізілген ашық конкурс нәтижесінде ҚБТУ-дың 100% акциясын сатып алғанын хабарлайды. “Baker Tilly Kazakhstan Advisory” тәуелсіз консалтингтік компаниясы бизнеске кешенді бағалау жүргізіп, қорытынды ұсынғанын, конкурс нәтижесінде “NNEF” ҚҚ мен “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ арасында сатып алу-сату келісімшарты жасалып, мәміле құны 12,1 млрд теңгені құраған.
Қор сатып алған кезде университет дағдарыс жағдайыында болды: қордаланып қалған шығын 2,7 млрд теңгені құрады. Студенттер контингенті небәрі 1 871 адамнан тұрса, профессорлық-оқытушылық құрам (ПОҚ) негізінен қосымша жұмыс істейтін оқытушылар болып, бұл ғылыми деңгейдің төмендеуіне әсер етті. Университет барлығы 16 білім беру бағдарламасын ғана ұсынды, ал Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі саналатын Қазақстандық теңіз академиясы (КМА) және Лондон экономика мектебі (LSE) жабылу алдында тұрды. Мұнай-газ саласындағы кейбір техникалық мамандықтарға тапсырушылар саны жетпей, аталған бағдарламаларға лицензиясынан айырылу қаупі туды. Университеттің барлық техникалық және инженерлік коммуникациялары апатты жағдайда болды, олар салынғаннан бері жөндеу көрмеген: шатыр мен лифттер қайта қалпына келтіруді қажет етті, санитарлық тораптар жұмыс істемеді, еден, есік-терезе мен баспалдақтардың да күйі мәз емес-ті, – делінген мәлімдемеде.
Қор осы қиын жағдайда университетті дағдарыстан шығару және оны жан-жақты трансформациялау стратегиясын әзірлегенін, қордың тиімді басқаруының арқасында КБТУ қысқа мерзім ішінде дағдарысты еңсеріп қана қоймай, жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтеді. ҚБТУ-дың қазіргі жетістіктері мен табысын атап көрсетеді:
ҚБТУ-да жоғары сапалы мамандар даярлау ABET, ACBSP, CIMA, ACCA, CFA тәрізді әлемдік агенттіктердің аккредитациясы және қайта аккредитациясы арқылы расталған. ҚБТУ-дың тұрақты дамуына оның ұлттық және халықаралық рейтингтердегі көшбасшылығы да дәлел: университет QS халықаралық рейтингіне сәйкес Қазақстандағы үздік 5 техникалық жоғары оқу орнының және Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы үздік 30 жоғары оқу орнының қатарында.
ТАҒЫ НЕ ДЕЙДІ
Осыдан кейін қор оқу орнының басқа да жетістіктерін атап өтеді. Университет Лондон университеті, Гарвард бизнес мектебі, MIT, Кембридж университеті, Рединг университеті, Нортгемптон университеті, Қытай мұнай университеті және басқаларымен байланыс орнатқанын жазады. 2024 жылы Роберт Гордон университетімен (Ұлыбритания) бірлескен PhD бағдарламасы бойынша келісім жасалғанын жеткізеді. ҚБТУ-дың ғылыми орталық ретіндегі беделінің артуының нәтижесінде Eni Agip Karachaganak, Total E&P, Schlumberger, Fraunhofer Institute of Automation, Chevron, NCOC, Micromine, Honeywell, Emerson, Schneider Electric, Baker Hughes, Halyk Bank, Каспий Мұнай, Яндекс, Cavendish Laboratory (Кембридж университеті) сынды жетекші компаниялармен бірлескен зертханалар құрылғанын да хабарлайды.
NNEF қоры ешқашан ҚБТУ-дан пайда табуды мақсат еткен жоқ және университет қызметінен бірде-бір рет дивиденд алған емес. Барлық кірістер университетті дамытуға қайта инвестицияланды: ғимараттарды жаңғырту және жөндеу, инфрақұрылымды жаңарту, зертханаларды жабдықтау және студенттер үшін жағдай жасау, – делінген мәлімдемеде.
Соңғы жеті жыл ішінде Қор университеттің материалдық-техникалық базасын дамытуға 11 млрд теңгеден астам қаражат салды, оның ішінде:
ҚБТУ — қордың 25 жылдан астам уақыт бойы білім беру саласында іске асырып келе жатқан маңызды жобаларының бірі. Осы уақыт ішінде “NNEF” Қоры Қазақстанның білім жүйесін дамытуға 250 миллион доллардан астам қаражат салғаныын, ҚБТУ-ды тұрақты дамыту стратегиясын ұстанады және университеттің болашақ жетістіктері мен өркендеуі үшін алдағы уақытта да инвестиция салуға дайын екенін жеткізеді.
NNEF қоры ҚБТУ акцияларына қатысты құқықтарын қалпына келтіру үшін заң аясында барлық қажетті шараларды қабылдауда, – делінген мәлімдемеде.
ТАРИХИ ҒИМАРАТ
Айта кетейік, ҚБТУ ғимараты — Алматы қаласындағы Астана алаңында орналасқан ғимарат. 1957 жылы салынған қаладағы тарихи және көрнекті ғимараттардың бірі.
Бұл ғимаратта 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы заң қабылданды. 1997 жылдан 2001 жылға дейін ғимарат Алматы облысы әкімінің резиденциясы қызметін атқарды. Осыдан кейін ғимарат Қазақстан-Британ техникалық университеті орналаспай тұрып бір жылдан аз уақыт бос тұрды. 2018 жылы ҚБТУ бас залы қайта жаңғыртылды.