×
495.28
538.32
5.77
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.28
538.32
5.77

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарды

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарды
Ulysmedia.kz коллажы

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,50% деңгейінде белгіледі.

Пайыздық дәліз +/- 1,0 п.т.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Шешім қабылданғанда нақты деректерді, жаңартылған болжамдар мен инфляциялық тәуекелдердің балансын бағалау барысы ескерілді. Бағаның ағымдағы өсу қарқыны жоғары деңгейге жетіп келеді. Бұл өз кезегінде ақша-кредит шарттарын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондықтан инфляцияның өсу тәуекелін азайту үшін белсенді әрі пәрменді шаралар қажет.

ИНФЛЯЦИЯ

Инфляцияның барлық көрсеткішінде өсу байқалады. Жылдық инфляция ақпанда 9,4%-ға дейін жеделдеді. Барлық компонент бойынша бағаның өсу қарқыны жеделдегені байқалады. Әсіресе қызметтер бағасының өсуі айтарлықтай үлес қосып отыр. Ақпанда айлық инфляция едәуір өсіп, орташа тарихи динамикадан айтарлықтай асып түсті. Айлық базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляция көрсеткіштерінен (тиісінше, ақпанда бір жылға есептегенде – 14,2% және 16,9%) фискалдық ынталандыру және тұтынушылық кредит берудің (2024 жылдың қорытындысы бойынша жылма-жыл 33,5% өсім) шамадан асып кету жағдайында ішкі сұраныс жағынан қысымның айтарлықтай үдегені көрінеді. Сонымен бірге ақпанда халықтың инфляциялық күтулері тағы да 13,7%-ға дейін өсті.

Ресейде инфляция қарқын ала түскендіктен, сыртқы сектордың бағаға әсері күшейді. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап біршама төмендегеніне қарамастан, әлемдегі азық-түлік бағасы әлі де жоғары деңгейде. Қазіргі уақытта бағаның жаһандық өсуі орнықты болып отыр. Инфляциялық және геосаяси тәуекелдер сақталуда және олар орталық банктердің қатаң ақша-кредит саясаты мен риторикасына негіз болды.

МҰНАЙ

Негізгі сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орташа есеппен 1 баррель үшін 70 АҚШ доллары деңгейінде сақталды. Сценарий шарттары бағаның нақты динамикасы мен мұнай нарығындағы ұсыныстың сұраныстан артуын ескере отырып қалыптастырылды.

Алдағы жылдарға инфляция болжамы жаңа факторлар ескеріле отырып көтерілді. Ол 2025 жылы 10-12%, 2026 жылы 9-11% шегінде күтіледі. 2027 жылдың қорытындысы бойынша инфляция тежеуші ақша-кредит саясатының және жоспарланған салық реформасына байланысты фискалдық ынталандыруды қысқарту нәтижесі ретінде 5,5-7,5% деңгейіне дейін төмендейді.

2025-2027 жылдар аралығындағы жоғары болжам сыртқы проинфляциялық қысымның удеуіне, жанар-жағармай (ЖЖМ) бағасының өсуіне, қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің ұлғаюына, сондай-ақ тұрғын-үй кешен (ТКШ) саласындағы реформалардың жалғасуына байланысты.  Болжамның негізгі тәуекелдері – ішкі сұраныстың одан әрі өсуі, Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі және инфляциялық күтулердің тұрақсыз болуы. Сонымен қатар ЖЖМ құны артуының нақты қарқынына, фискалдық тәртіпке (Ұлттық қордан трансферттерді қысқарту жөніндегі жоспарларды іске асыру), сондай-ақ реттелетін бағалардың өсуінен және ҚҚС көтерілуінен болатын қосарлы әсердің орын алуына қатысты белгісіздік сақталуда.

ЭКОНОМИКА

Қазақстан экономикасының өсуі бойынша 2025 және 2026 жылдарға жасалған болжам 4,2-5,2% деңгейіне дейін біршама төмендеді. Осындай қайта қарауға бірқатар факторлар, соның ішінде мұнай өндірісіне қатысты Үкімет болжамының төмендеуі себеп болды. Ал мұнай секторының қалпына келуі жағдайындағы ішкі сұраныстың оң динамикасы 2025-2026 жылдары экономиканың өсуін қолдайды. 2027 жылы салық-бюджет саясатының шоғырландыруына байланысты ЖІӨ-нің өсуі әлеуетті мәндерге жуық – 4,5%-ға дейінгі ауқымда қалыптасады. Сонымен бірге Үкімет жоспарлаған құрылымдық реформаларды, оның ішінде негізгі капиталға инвестицияларды ұлғайту, тікелей шетелдік инвестициялар тарту және экономиканы ырықтандыру бойынша реформаларды сәтті іске асыруды ескере отырып, нақты өсу біршама жоғары болуы мүмкін.

Қазіргі және болжамды инфляциялық үдерістердің айтарлықтай жеделдеуі инфляцияның таргеттен айтарлықтай ауытқуына әкелді және жиынтық ақша-кредит шарттарын жеңілдетті. Осыған байланысты қазіргі шешім аясында базалық мөлшерлемені көтеру қажет болды. Бұл қысқа және ұзақмерзімді инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға, баға өсуінің жеделдеу үрдісінің бекітілуіне жол бермеуге және инфляцияның артуын болдырмауға мүмкіндік береді. Бүгінгі шешім халық табысының сатып алуға жарамдылығын сақтауға және жинақтарын қорғауға, сондай-ақ нарық қатысушыларының теңгедегі активтерге сенімін қолдауға арналған.

Базалық мөлшерлеме бойынша қазіргі шешім болашақта базалық мөлшерлемені одан ары жоғары көтеруге қажеттілігін болдырмау үшін қабылданады.