×
489.15
533.47
5.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.15
533.47
5.64

Алина Алдамберген KASE басшысы қызметінен мерзімінен бұрын кетеді

07.03.2025, 18:14
Алина Алдамберген KASE басшысы қызметінен мерзімінен бұрын кетеді
Ulysmedia коллажы

31 наурыздан бастап KASE басқарма төрағасы Алина Алдамбергеннің өкілеттігі өз еркімен мерзімінен бұрын тоқтатылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан қор биржасының (KASE) директорлар кеңесінің шешімімен 2025 жылғы 31 наурыздан бастап Алина Алдамбергеннің басқарма төрағасы ретіндегі өкілеттігі өз бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылады.

Алина Алдамберген 2016 жылғы 9 ақпанда KASE басқарма төрағасы болып сайланды. Оның басшылығымен KASE түбегейлі жаңа даму деңгейіне шықты: жаңа ақпараттық жүйелер, жаңа құралдар және жаңа бизнес енгізілді. Атап айтқанда, жаңа сауда жүйелеріне көшу жүзеге асырылып, Қазақстан қор нарығы тарихындағы ең ірі IPO-лар KASE алаңында өтті. Биржадағы айналым көлемі төрт еседен астам өсті. Алина Алдамбергеннің басшылығымен нарық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі клирингтік қызмет пен орталық контрагент қызметін алдымен KASE аясында, кейіннен оны жеке ұйым ретінде бөлу болды, – делінген KASE хабарламасында.

Оның орнына кім келеді

2025 жылы 31 наурыздан бастап KASE басқарма төрағасы болып Адиль Мұхамеджанов сайланды. Оның өкілеттік мерзімі 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады.

Адиль Мұхамеджанов 2021 жылдан бері "Орталық бағалы қағаздар депозитарийі" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған. Бұған дейін KASE басқарма төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Монетарлық операциялар департаментінде түрлі лауазымдарды атқарған.

Жорамал расталды

Бұған дейін Алина Алдамбергеннің KASE басшысы қызметінен кететіні туралы ақпарат тараған болатын.

Алина Алдамберген 2016 жылы KASE басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған. 2024 жылы ол Forbes Woman нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды әйелдері рейтингінде 11-ші орынға ие болды.

Ол "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Еңбек жолын ABN AMRO Банк Қазақстанда бастап, кейін Лондонда (Ұлыбритания) ABN AMRO Bank N.V. директорлар кеңесінің мүшесі болған.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы қаңтарда Алина Алдамберген шағын және орта бизнеске (ШОБ) қаржы алуына не кедергі келтіретіні туралы пікір білдірген болатын.