Қазақстанның ОПЕК+ алдындағы міндеттемелері шеңберінде мұнай өндірісін қысқартады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, белгіленген квотадан асып кету Теңіз кен орнындағы жаңа өндірістік қуаттардың сынақты іске қосылуынан болған. Алайда кен орны толық жүктемеге шықпайды. Министрлік халықаралық компаниялармен келіссөз жүргізіп, мұнай өндірісін қысқарту тетіктерін талқылаған. Министр Алмасадам Сәтқалиевтің мәліметінше, акционерлер тарапынан қарсылық болмаған.
Үкімет қойған бұл міндетті іске асыру мүмкіндіктерін жан-жақты талқыладық, – дейді ол.
Қазақстан ОПЕК+ талаптарын орындау үшін әкімшілік шараларды қолдануға және мұнай құбырларына қолжетімділікті реттеуге дайын. Себебі 3 ақпанда ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін қысқарту бойынша жаңа міндеттемелерді мақұлдаған.
Еске сала кетсек, қаңтар айында Қазақстан ОПЕК+ келісімі бойынша белгіленген мұнай өндіру лимитін тәулігіне 135 мың баррельге асыра орындады. Жоспар бойынша Қазақстан тәулігіне 1,403 млн баррель мұнай өндіруі тиіс болса, нақты өндіріс көлемі 1,538 млн баррельді құрады.
Бұған дейін Қазақстан ОПЕК+ аясындағы артық өндірісті өтеу жөніндегі міндеттемелерін орындау мерзімін 2026 жылдың маусым айының соңына дейін кейінге шегерген болатын.