Баспасөз мәслихаты барысында Дональд Трамп Ресей, Украина және Вашингтонның алдағы қадамдары жөнінде өз ұстанымын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТРАМПТІҢ РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНЕ СЕНІМІ
Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің бейбітшілікке ұмтылысына сенетінін атап өтті. Оның айтуынша, Мәскеу бастапқыда соғыс бастамақшы болмаған, ал қазір «барлық тізгінді қолында ұстап отыр». Америкалық көшбасшы Украинамен келіссөз жүргізудің Кремльмен келіссөздерден гөрі қиынға соғып жатқанын мойындады.
«УКРАИНА ӘУЕ СОҚҚЫЛАРЫНАН ЖОЙЫЛЫП ЖАТЫР»
«Украина іс жүзінде әуе соққыларымен жойылып жатыр. Шынымды айтсам, Киевпен жұмыс істеу маған барған сайын қиындап барады. Оларда ешқандай артықшылық жоқ, барлық тізгін қазір Мәскеудің қолында», — деді Трамп.
ӘСКЕРИ КӨМЕКТІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ШАРТТАРМЕН БАЙЛАНЫСЫ
Сонымен қатар, ол АҚШ-тың Киевке көрсетіп жатқан әскери көмегін экономикалық келісімдермен байланыстырды. Әсіресе, әуе қорғаныс жүйелерін жеткізу мәселесі украиналық басшылықтың минералды ресурстар бойынша келіссөздерге дайындығына тәуелді екенін атап өтті.
Америкалық президент қақтығыстың ушығуына және оның жаһандық дағдарысқа айналу ықтималдығына алаңдаушылық білдірді.
«Егер біз мұны реттей алмасақ, салдары Үшінші дүниежүзілік соғысқа алып келуі мүмкін. Еуропа бұл қақтығысты қалай тоқтатуды білмейді», — деді ол.
САУД АРАБИЯСЫНДАҒЫ БЕЙБІТ КЕЛІССӨЗДЕР
Өз кезегінде, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц келесі аптада Сауд Арабиясында Украина, АҚШ өкілдері және Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың қатысуымен бейбітшілік шарттарын талқылау мақсатында келіссөздер өтетінін хабарлады.