Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында мектепке бара жатқан қыз балаға иесіз иттер тарпа бас салып, аяқ-қолын жаралаған. Ал қала әкімдігі мәселені шешуге асығар емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Инстаграм әлеуметтік желісіндегі infor.kz парақшасында шырылдаған тұрғынның жанайқайы жарияланды.
Бүгін балам мектепке екінші ауысымда барды. Мектептің жанында оған иесіз иттер тарпа бас салды. Қызымды талап, бетін, аяқ-қолын жаралады. Бұл масқара! Қашанға дейін осылай жалғасады? Қаңғыған иттерге қашан шара қолданады? Көшеге шығудан қалдық, балалар үшін қорқамыз, – деп жазды Риддер қаласының тұрғыны.
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҮНІ БИЛІККЕ ЖЕТПЕЙ ТҰР
Infor.kz парақшасында жарияланған жазбаның астына қаңғыған иттер зәрезап болған қала тұрғындары жаппай пікір жазып, жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіз отырғанына күйінді.
Оқырманның бірі “Қаңғыған иттер мәселесін айтып қашанғы шағымдануға болады, әкімдік неге біздің өтінішке салғырт қарайды? Әрине, олардың баласын ит қаппайды, өйткені мәшінмен жүреді” десе, енді бірі: “Байғұс иттерді жаны қалмай қорғайтын зооқорғаушылар қайда қарап жүр?” деп көптің көкейіндегіні дөп басты.
“Мемлекеттің қаңғыған иттерге адамгершілікпен қарау саясаты олардың көбеюіне әкеліп соқты және ешқандай зарарсыздандыру көмектеспеді. Көшедегі ит жабайыланып кетеді, топтасып алып шабуылдайды. Адамдарды қорғау үшін иесіз иттерден құтылу керек, басқа амал жоқ. Үй жануарларын қорғаушылар олардың бәрін қамқорлыққа ала алмайды, тамақтандыра алмайды, ал мемлекет оларға арнайы орындар салмайды. Сондықтан әрекет ететін уақыт келді”, деп жазды тағы бір оқырман.
КӨШЕДЕ ЖАЛҒЫЗ ЖҮРУ ҚАУІПТІ
Риддер қаласының ДОСААФ шағын ауданында тұратын Жанболат Мұхамадиев те бір жарым ай бұрын тапа-тал түсте, дүкеннен азық-түлік алып үйіне қайтып бара жатқанда қаңғыған иттердің талауында қалған. Төңіректе көмектесетін адам болмай, жалғыз өзі бір топ итпен арпалысқанын айтады ол.
Мені тапа-тал түсте қапты. Көмектесетін ешкім болмады. Өзім қорғандым. Қаңғыған иттер Риддерде қаптап кетті. Көшеде жалғыз жүру қауіпті. Өткенде Речная көшесінде бір әйелді иттер қауып алды. Одан біраз бұрын Катовский көшесінде тұратын апаға бір топ ит жабылып жатқан жерінде құтқарып алдық. Ересек адамдарды осылай қауып жатса, балаларды қайтетінін ойлаудың өзі қорқынышты. Полицияға да, әкімдікке де неше бардық. Ешқандай әрекет жоқ. Бетін аулақ қылсын әрине, бірақ бір күні иесіз иттер біреуді талап өлтіреді, сонда ғана қимылдайды олар, – деп шырылдады Жанболат Мұхамадиев.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?
Қаңғып жүрген иттердің мәселесі бүгінгі таңда биліктің назарында. Заң талабына сай олардың 90-95 пайыздан артығын чиптандырып, есептері алынған. Ол иттердің көбісі есепте тұр, – деді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан.