Әлеуметтік желі қолданушыларын дүрліктірген бейнежазбаның мән-жайын Ulysmedia.kz анықтады. Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Герасимовка ауылында болған мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік туралы құқық қорғау органдары түсіндірді.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Таяуда Семейде болған келеңсіз жағдай ұмытыла бастағанда Өскеменнен 5 км жердегі Герасимовка ауылында тағы бір сорақылық болды. Мектептегі кезекті буллинг педагогтар мен кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға көптеген сұрақ туындатып отыр. Бақылау қайда? Түсіндіру жұмыстары қайда?.. – деп жазды мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік туралы бейнежазбаның астына автор.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕДІ?
2025 жылғы 8 наурызда әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға қатысты ШҚО полиция департаменті жауап берді.
Бұл бейнежазба 2023 жылы “Герасимовка орта мектебі” КММ аумағында түсірілген. Оқиғаға қатысқандармен, сондай-ақ басқа да оқушылармен кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы заңсыздықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді. Аталған оқушылармен мектеп психологын қатыстыра отырып қосымша жеке кездесу ұйымдастырылды. Қазір екі оқушы 10-сыныпта оқып жүр, қалғандары колледж бен жоғары оқу орындарына түскен. Оқиғаға қатысы бар балалардың ата-аналарымен де әңгіме болды, мектепте оқушылар арасындағы буллинг тақырыбына арналған жалпы жиналыс ұйымдастырылды, – делінген ШҚО ПД хабарламасында.
УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРДЫҢ ҚАТЫСЫ БАР МА?
Ішкі істер органдары желі қолданушыларын «атқа қондырған» бейнежазба бұдан екі жыл бұрын түсірілгенін, ол оқиғаға қатысты дер кезінде тиісті жұмыстар атқарылғанын айтты. Қош, жөн екен. Бірақ департамент өкілдері бейнежазбадағы арызда аты аталған учаскелік инспектор туралы жақ ашпады. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, бейнежазбада Г.Сүлейменованың облыс прокурорына жазған арызы көрсетілген. Арызда ол өзінің кәмелеттік жасқа толмаған ұлына ауылдың учаскелік инспекторының қоқан-лоққы көрсетіп, қол көтеретінін, үйіне апарып жұмыс істететінін жазған. Заңсыз әрекет істеп жүрген полиция қызметкерін жауапқа тартуды сұраған. Бұл туралы ішкі істер органдары ешқандай жауап бермеді. Бірақ біздің редакция мұнымен тоқтап қалмай, аталған арыз бойынша ертең облыс прокурорына ресми сауалхат жолдайды.