Ulysmedia.kz редакциясы осы аптада Қазақстанда және әлемде болған басты оқиғаларға шолу жасады.
ҚАЗАҚСТАН
Ерекше Түркістан. 3 наурыз, дүйсенбіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заңға қол қойды. Енді оңтүстіктегі бұл қала заңнамалық деңгейде елдің рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретінде саналады. Айта кетейік, ТМҰ Түркістанды түркі әлемінің астанасы деп жариялағаннан кейін түзетулер енгізіле бастады.
Дүрліккен батыс. 3 наурыз, дүйсенбіде TES Service Company-дің қызметкерлер тобы Президент Тоқаевқа, облыс әкіміне, «ҚазМұнайГаз» бен «Өзенмұнайгаз» басшыларына жүгінді. Кәсіпорынның электрик, вахтер, тазалаушы, слесарь, сантехниктері жалақыны көтеруді талап етті. Қазір олардың алып жүрген еңбекақысы 200 мың теңгеден аспайды.
5 наурыз, сәрсенбіде билікке Қаламқас кен орнында жұмыс істейтін Kunan Service және Aka di Holding мұнайшылары жүгінді. Жалақының қысқаруына байланысты 150-ге жуық жұмысшы ереуілге шықты.
ҚМА футболды қолға алды. 4 наурыз, сейсенбіде Қаржы мониторингі агенттігі Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы президенті Әділет Барменқұловқа қатысты тергеу туралы ақпаратты растады. Тергеу жүргізіліп жатқанынан басқа мәліметтер әщірге хабарланған жоқ.
Журналисті карцерге қамады. 4 наурыз, сейсенбіде Думанның әкесі Мұхамедкәрім Қызылорда колониясында жазасын өтеп жатқан ұлының тағы да жазаланғанын айтты. Журналист Думан Мұхамедкәрім жалғыз адамдық камераға 60 күнге қамалды. Мұның себебі – Думанның түрме формасын киюден бас тартуы, өйткені ол өзін кінәсіз санайды.
Шахтадағы апаттың тергеу қорытындылары. 5 наурыз, сәрсенбіде үкіметте «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кенішіндегі жеті жұмысшы қаза тапқан апатты жағдайды тергеудің алдын ала нәтижелері жарияланды.
Үкіметтік комиссия қайғылы жағдайдың негізгі себебін тау-кен өндірісінде жиналған метан газына электр ұшқынының тиюі деп атады. Сондай-ақ тексеру барысында өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбек қауіпсіздігінің бұзылғаны анықталған.
ҰҚШҰ Ресейге көмектесе ме? 6 наурыз, бейсенбіде ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов егер Еуропа елдерінің әскері Украинаға жіберілсе, ұйым Мәскеуге көмектесудің әртүрлі жолын қарастыратынын жеткізді. Ол бұл туралы ресейлік журналистерге айтты.
Ондай тәуекел туындаған жағдайда ҰҚШҰ ұйымның жарғылық құжаттарына сәйкес барлық мүше мемлекеттер мақұлдаған шеңберде көмектің әртүрлі жолын ұсынуға дайын болады, - деді Тасмағамбетов.
ҚБТУ-ды беру. 6 наурыз, бейсенбіде NEWS қоғамдық қорында ҚБТУ активтерін мемлекетке - қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияға беру туралы ақпаратты растады. Акционердің ауысуы сот шешімімен болды. NEF ҚҚ университетті қайтаруға тырысатынын айтты.
Экономика. 7 наурыз, жұмада Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені күтпеген жерден 15,25%-дан 16,5%-ға дейін көтерді. Себеп – инфляция, ол ақпан айында орташа nарихи динамикадан едәуір өсті. Алдағы жылдарға арналған инфляция болжамы да көтерілді. Мәселен, 2025 жылы ол 10-12%, 2026 жылы – 9-11% шегінде болады деп болжанған. 2027 жылы ғана 5,5-7,5% деңгейге төмендейді, деп есептейді Ұлттық банк.
Әуежайға шабуыл. 7 наурызда Алматы әуежайында төтенше оқиға болды. 67 жастағы ер адам авиациялық қауіпсіздік қызметкерін шашынан ұстап алып, оны пышақпен қорқытты. Қызды 52 жастағы Мұса Әбдірайым құтқарды. Ол бұзақының қолындағы пышағын тартып алып, өзін полиция қызметкерлеріне ұстап берді. Ержүрек Мұса елдің қошеметіне бөленді, әлеуметтік желілердің кейіпкеріне айналды. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев президент Тоқаевтың тапсырмасымен оған «Ерлігі үшін» медалін табыс етті.
ӘЛЕМ
Оскар. 3 наурыз, дүйсенбіде әйгілі «Оскар» сыйлығының жеңімпаздары белгілі болды. Басты рөлдегі үздік актер - Адриан Броди ("Бруталист"), ал басты рөлдегі ең үздік актриса Майки Мэдисон ("Анора") атанды.
Қатаң үкім. 3 наурыз, дүйсенбіде әйгілі ресейлік блогер және «инфоцыган» атанған Елена Блиновская салық төлемегені үшін бес жылға сотталды. Естеріңізге сала кетейік, Блиновская екі жыл бұрын Алматыға ұшар алдында ұсталған.
Зеленскийдің мәлімдемесі. 4 наурыз, сейсенбіде Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйдегі дипломатиялық жанжалға қатысты хабарлама жариялады. Ол болған келеңсіздікке өкінетінін және Украина «кез келген уақытта және кез келген ыңғайлы форматта» сирек минералдар туралы келісімге қол қоюға дайын екенін айтты. Сондай-ақ, Зеленский «Трамптың мықты басшылығымен» жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Оңтүстік Корея. 7 наурыз, жұмада Сеул соты Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Алиді қамаудан босатты. Ол қаңтарда ұсталған. «Процессуалдық айқындықты қамтамасыз ету» және «процестің заңдылығына күмән келтірмеу» үшін қамауға алу туралы бұйрық жойылды.
Таяу Шығыс. 8 наурыз, сенбіде Еуропа арабтардың Газаны қалпына келтіру жоспарын қолдағаны белгілі болды. Құжат Египеттегі Араб лигасының саммитінде ұсынылды, оны Германия, Франция, Италия және Ұлыбритания сыртқы істер министрлері қолдады. Олар ұсынылған жоспар Палестина автономиясының орталық рөлін нақты бекітетінін атап өтті, сондай-ақ ХАМАС Газа секторын басқармауы немесе Израильге қауіп төндірмеуі керек деп мәлімдеді.