«Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев кен экспортын сынға алып, шикізатты ел ішінде өңдеудің маңыздылығын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ол Гиперборей арнасына берген сұхбатында айтты.
«КЕНДІ ЭКСПОРТТАЙ БЕРМЕЙ ЗАУЫТТАРДЫ САЛЫҢЫЗДАР»
Жәкішевтің пікірінше, кен экспортын шектеп, оның орнына жоғары деңгейлі өңделген өнім шығаратын зауыттарды салу қажет. Ол Қазақстанда кенді өңдерлік қажетті технологиялар бар екенін, мысалы, мыс балқыту зауыттары жұмыс істеп тұрғанын айтты.
ШИКІЗАТ ҚҰРАМЫН БАҚЫЛАУ
Сондай-ақ, ол экспортталатын кенді сертификаттаудың маңыздылығына назар аударды. Айтуынша, Қазақстан сыртқа қандай элементтер жөнелтілетінін нақты білуі керек. Әсіресе, мыс пен мырыш кен орындарында алтын, күміс, рений сияқты бағалы және сирек металдар болуы мүмкін.
«ЕЛ ӘЛДЕҚАЙДА КӨП ПАЙДА КӨРУІ ТИІС»
Жәкішев табиғи ресурстардан түскен табыс халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс екенін айтты. Егер кен құрамында экономикалық тұрғыдан маңызды элементтер болса, олар үшін қосымша төлем алу қажет деп есептейді.