Дональд Трамп АҚШ пен Ресей арасындағы жаңа кездесу өткізілетінін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТРАМП НЕ ДЕЙДІ
АҚШ президенті Киевтің Вашингтонның 30 күндік бітімге келу туралы идеясын қолдағаннан кейін, Ресей мен АҚШ «бүгін немесе ертең» жаңа кездесулер өткізетінін мәлімдеді, деп жазады Reuters.
Трамп атысты толық тоқтатудың жақын арада жүзеге асатынына үміт білдіріп, Ресей президенті Владимир Путинмен осы аптада сөйлесуді жоспарлап отырғанын айтты. Америкалық көшбасшының сөзінше, ол жақын күндері келісімге қол жеткізуге үміттенеді.
Сондай-ақ Трамп Зеленскийді Ақ үйге тағы да шақыру ниеті бар екенін жеткізді.
МАКРОННЫҢ ҰСТАНЫМЫ
Франция президенті Эммануэль Макрон 30 елдің көшбасшыларын Киевке кепілдік беру жоспарын әзірлеуге шақырды.
Еуропаның Украина мен өзінің мүддесі үшін бар күшін салатын уақыты келді. Бейбіт келіссөздердің жеделдеуіне байланысты қауіпсіздіктің сенімді кепілдіктерін айқындауды жоспарлай бастау қажет, бұл Украинадағы тұрақты бейбітшілікті шынайы ету үшін маңызды, – деді ол.
Франция президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуге қатысушылар Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері "НАТО мен оның мүмкіндіктерінен бөлек болмауы тиіс" деген ортақ пікірге келді.