Арқалықтан келген ерлі-зайыпты Гүлнұр Есқабылова мен Данияр Шәкімов бүгін тағы Ақорда жаққа келіп, көмек сұрады. Олар Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚОРДА АЛДЫНДАҒЫ ВИДЕОҮНДЕУ
Ағайындар, міне, Ақорданың алдына келіп тұрмыз. Денсаулық сақтау министрі бізге ешқандай көмек бермей жатыр. Әлі қабылдамай жатыр. Әйелім 21 рет отаға түсті. Бірақ Астана қаласында қабылдамай жатыр. Біз көмек сұраймыз. Құрметті Президент, бізге көмектесіңізші. Әйелімді емдеп беріңізші. Денсаулық сақтау министрлігі бүлдіргеннен кейін жауап беруі керек, – дейді Данияр Шәкімов.
Бұрын Гүлнұр Есқабылованың өзі дәрігерлердің қателігінен денсаулығына зиян келіп, мүгедек болып қалғанын айтқан болатын. Соған байланысты өзін назарға алуға сұраған еді.
Арқалық тұрғынының мәселесі жөнінде Ulysmedia.kz порталы былтыр да жазған. Данияр Шәкімов былтыр Астанадағы Қазмедиа орталығына келіп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жанайқайын жеткізуге тырысқан еді.
Дәрігерлердің қателігі кесірінен отаны дұрыс жасамай, әйелімнің бұғанасына инфекция түскен. Сүйекті бітістірмеген. Ақыр аяғы сүйекті қисық бітістіріп, ішіне инфекция түсірген», – деген еді Данияр Шәкімов.
Сол тұста Даниярдың зайыбының денсаулығына байланысты дәрігерлер ешқандай шешім шығара алмай отырғаны хабарланған. Содан бері де Гүлнұрға бірнеше рет ота жасалғанымен, денсаулығы оңалмай келеді.