Қазақстанда жолаушыларды көлікпен тасымалдау саласын реттеуге бағытталатын бірқатар шара іске асырылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ҰЙЫМ НЕНІ ҚАДАҒАЛАЙДЫ
Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың депутаттарға берген жауабына сәйкес, жаңа заң жобасы шеңберінде өзін-өзін реттейтін ұйымдар (ӨӨРҰ) құрылады. Скляр жауабында жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдауға еркін (шарттық) тарифтер белгіленетінін атап өтеді.
Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалар мен тарифтерді кәсіпкерлер дербес айқындайды. Осыған байланысты, заң жобасында ӨӨРҰ-ның жолаушыларды тасымалдауға тарифтерді белгілеуі (реттеуі) көзделмеген. Бұл ретте, олардың қызметі қолданыстағы монополияға қарсы заңнамасы, сондай-ақ автомобиль көлігі мен жол жүрісі заңнамасының талаптарын ескере отырып іске асырылады, – дейді Скляр жауабында.
Заң жобасы арқылы билік ӨӨРҰ-ның мүшелерін мемлекеттік бақылауға алғысы келеді. Ал жүргізушілерді өздері мүше ӨӨРҰ қадағалайды.
МІНДЕТТІ ЖАРНА ЖАЙЛЫ
Роман Скляр жауабында жарналар мөлшері және оларды жинау тәртібі ӨӨРҰ-ның жарғысында немесе Қазақстанның заңдарында белгіленетінін атап өтеді. Заң жобасы арқылы жарнаның төменгі және шекті мөлшері белгіленеді, бұл ретте нақты жарна мөлшерін, олардың қызметін қамтамасыз етуге жеткілікті болатын деңгейде мүшелерінің өзі анықтайды.
ӨӨРҰ-ның кәсіпкерлік немесе коммерциялық қызметпен айналысуға қолданыстағы тыйымдар салынғандықтан, оларға қосымша табыс табуға жол берілмейді. Жоғарыда айтылғанның негізінде, заң жобасының басты мақсаты қоғамда қауіпсіз, сапалы, теңқұқылы және әділетті автотасымал нарығын қалыптастыру мен жүргізушілердің мүддесін қорғау болып табылатынын мәлімдейміз. Осы бағытты одан әрі тиімді етуге бағытталған ұсыныстарыңыз болса оларды тиісті жұмыс тобы шеңберінде жан-жақты қаралуын жалғастыруды орынды деп есептейміз, – дейді Скляр жауабында.
Бір сөзбен айтқанда, ӨӨРҰ мүшелері белгілі бір жарна төлеуі керек. Жарнаның ең төменгі және ең жоғары мөлшері заңда бекітіледі, бірақ нақты қанша болатынын ұйым мүшелері өздері шешеді. ӨӨРҰ коммерциялық қызметпен айналыса алмайды және қосымша табыс табуға құқығы жоқ.