Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сарыағаштағы медресенің бас ұстазының аяғын шәкірттері уқалаған видеоға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕСКЕРТУ
ҚМДБ мәліметінше, мешіт имамына бұл оқиғадан кейін ескерту жасалған.
- Мешіт – құлшылық үйі, жамағат жиналатын рухани орда, қасиетті мекен, тәрбие орны. Құлшылық үйіне келген адам мешіт әдебін сақтауы тиіс. Бұл – мұсылманның көркем мінезінің бір. Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы мешітте болған оқиға әлеуметтік желілерде тарап, қоғамның түрлі пікір қайшылығын тудырды. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті орында қоғам наразылығын тудырған әрекетке жол бергені үшін мешіт имамына ескерту жасады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі барша мұсылман жамағатын құлшылық үйлерінде дауыс көтеріп сөйлемеуге, әдепсіз әрекеттерге жол бермеуге, ұрыс-керіс жасамауға шақырады. Жамағатты барынша мешіт әдебін сақтауға үндейміз, делінген мәлімдемеде.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Күні кеше Түркістан облысындағы Сарыағаш медресесінің бас ұстазы Әбдужаппар Смановтың әрекеті әлеуметтік желідегі жұртшылықтың ашуына тиген болатын.
Журналист Ораз Әлімбек Facebook-парақшасында медресенің бас ұстазының ерсі қылығы туралы жазған. Видеода бас ұстаз аяғын балаларға уқалатып қойған.
- Мынау Сатыбалды Әбішұлы атындағы Сарыағаш медресесінің шәкірттері. Оларға медресенің бас ұстазы Әбдужаппар Сманов бұтын уақалатып қойыпты. Сонда оқу-ағарту министрлігі медресе шәкірттеріне Смановтың бұтын уқаласын деп бюджеттен жүздеген миллиондап ақша бөле ме?! Мынау Смановқа тоқтау болмаса, ертең табанын жалатып, бас бармағын сордырады ғой ақыл тоқтатпаған балаларға, дейді ол.
ТУЫСТАРЫ НЕ ДЕДІ
Артынша имамның туыстары бұл жағдайға араша түсті. Бас ұстаздың туыстары да оның аяғын уқалаған оқушылар емес, өз немерелері екенін айтты.