×
505.15
550.31
5.89
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
505.15
550.31
5.89

Ұлттық қор, қаржы, қарыз: Мемлекет басшысы Қазақстанның Бюджет кодексіне қол қойды

Бүгін, 10:26
Ұлттық қор, қаржы, қарыз: Мемлекет басшысы Қазақстанның Бюджет кодексіне қол қойды
Коллаж Ulysmedia

Пезидент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Бюджет кодексіне қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.

 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бірінші блок мемлекеттік қаржы туралы ережелерге сай салық-бюджет, ақша-несие және фискалды саясатты байланыстыруға бағытталған.

Екінші блок мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыра отырып, бюджет процесін оңтайландырды. Бюджет процестерінің мерзімдері мен кезеңдері қысқартылды. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өкілеттіктері мен жауапкершілігін едәуір кеңейту есебінен блоктық бюджет элементтері енгізілді.
Мемлекеттік органдарға бюджеттік бағдарлама шығыстарының 15 пайызы көлеміндегі қаражатты дербес басқару құқығы берілді. Мемлекеттік органдар биыл жұмсалмаған бюджет қаржысын келесі жылдың қаңтар айынан бастап пайдалана алады. Бұл шығыстарды үздіксіз қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Үшінші блок парламенттік бақылауды күшейтуге арналған. Мемлекеттік кепілдіктерді, мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін, үкіметтік борыш лимитін және жергілікті атқарушы органдар борышын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыз лимитін Парламент қарастырып, бюджет туралы заңмен бекітеді.
Төртінші блок бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау сапасын арттыру және бюджет қаржысын тиімді пайдалану жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды көздейді. Кодексте квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қатысты мемлекеттік дивиденд саясатының негізгі ережелері белгіленген.
Бесінші блок жинақ функциясына баса назар аудара отырып, Ұлттық қорды пайдалану шарттарын белгілейді. Ұлттық қорды пайдалану Президент бекіткен мақсатты бағдарлармен шектеледі. Қордың қаражатын ішкі қаржы құралдарына салуға рұқсат етілмейді. Бұл ақшаны бюджеттен тыс пайдалануға жол бермейді. Ұлттық қордың нысаналы трансферті тек жалпыхалықтық маңызы бар нысандар мен жобаларды қаржыландыруға ғана пайдаланылады. Ол үшін тиісті критерийлер енгізілді.
Алтыншы блок квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышын қоса алғанда, мемлекеттің қарыз саясатына бақылауды кеңейтуге бағытталды. Уәкілетті органдар мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелеріне болжау, мониторинг және бағалау жүргізу шараларын жүзеге асырады. Квазимемлекеттік сектордың сыртқы борыш лимиті республикалық бюджет туралы заңмен белгіленеді.
Түзетулердің жетінші блогы бюджетаралық қатынастарды жетілдіре түсті. Азаматтарды бюджет қаражатын бөлу процесіне белсенді тарту үшін халық қатысатын бюджет тәртібі заңнамалық негізде бекітілген.

АНЫҚТАМА

Бюджет кодексі – мемлекеттік бюджетті қалыптастыруды, орындауды және бақылауды реттейтін негізгі заң. Ол қаржы ресурстарын республикалық және жергілікті бюджеттер арасында бөлу тәртібін айқындайды, салық және бюджет саясатының қағидаларын, сондай-ақ мемлекеттік шығыстарды бақылау тетіктерін белгілейді.