Сербия халқы Белградта президент Александр Вучичтің саясатына қарсы ауқымды наразылық шарасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
Жұма күні Белград көшелеріне ондаған мың адам шығып, демалыс күндеріне жоспарланған үкіметке қарсы ауқымды митинг қарсаңында шеру өткізді. Сенбі күнгі наразылық акциясына елдің түкпір-түкпірінен мыңдаған студент жиылды және олардың саны әлі де арта түседі деп болжанып отыр.
НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ ШАРЫҚТАУ ШЕГІ
The Guardian басылымы сенбіге жоспарланған митинг сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірнеше айға созылған наразылықтардың шарықтау шегі болады деп жазады. Бұл Вучичтің билік тізгінін ұстаған он жыл мерзімдегі ең үлкен сынақ болмақ.
- Белград орталығындағы атмосфера биліктің соңғы апталарда адамдарды акцияға қатыстырмау үшін қолданған қорқыту тәсілдеріне мүлде қарама-қайшы болды. Отшашулар, түрлі-түсті жалаулар мен жанып тұрған шамдар қала көшелерін жайнатып жіберді, – деп жазылған мақалада.
Соған қарамастан Вучич митингіде «тәртіпсіздіктер болуы мүмкін» деп бірнеше рет мәлімдеді және қандай да бір шектен шығушылық болса қамауға аламын деп қорқытты. Оның жақтастары қазірдің өзінде астананың орталығына орналасып алған. Бұл шеруге шығушылармен арада қақтығыс туындау қауіпін күшейте түседі.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Сербиядағы наразылықтар былтыр қарашада басталған және бүгінге дейін жалғасып келеді. Басты себеп — президент Александр Вучичтің сыбайлас жемқорлыққа және авторитарлық басқару стилімен келіспеу.
Наразылықтың тұтануына Нови-Сад қаласының теміржол вокзалындағы қайғылы оқиға түрткі болды. Вокзалдағы шатардың құлауынан 15 адам қаза тапқан. Адамдар бұл жағдайға жаппай сыбайлас жемқорлықты айыптады, өйткені станция екі жыл бұрын ғана жөнделген және оны Вучичтің өзі ашқан. Қайғылы жағдайдан кейін студенттер мен азаматтық белсенділер әділетті тергеуді, кінәлілерді жазалауды және мемлекеттік институттарды реформалауды талап ете бастады.