Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бәсекелестік деңгейін айқындау және тауар нарығына қолжетімді ету кезіндегі кедергілерін жоюға бағытталған шараларды әзірлеу мақсатында сымды интернет қызметтері нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін жоспарлы талдауды аяқтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТАЛДАУ
Талдау барысында агенттік қызмет көрсету кезінде бөгде байланыс операторларының көппәтерлі тұрғын үйлерге кіруіне, сондай-ақ кабельдік кәріз желілеріне қосылудың техникалық шарттары туралы ақпарат алуды қиындататын кедергілерді анықтады.
Егер кедергілер шешілсе, тұтынушыларға интернет қызметтерінің баламалы операторын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді және кабельдік кәріз иелерінен өтеусіз негізде техникалық ақпарат ала алады.
Сондай-ақ анықталған кедергілерді жою бойынша тиісті ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілді.
ТАЛДАУ НӘТИЖЕСІ
Талдау аясында байланыс операторларының интернет қызметтеріне бағасының динамикасы да зерттелді. Талдау нәтижелері бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның іс-әрекеттерінде тауарға монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері анықталды. Осыған байланысты агенттік бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды тергеп-тексеру рәсімін бастады.