Әнші Мақсат Құрақбаев ұрпақ сүйе алмайтынын дәрігерлерден естігеннен кейін бұл хабарды жан жарына айта алмай қиналғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘНШІ НЕ ДЕЙДІ
Әнші дәрігер “ұрпақ сүю қиын” деп айта салғанын есіне алады. Одан неге сүйеніп айттыңыз деп сұрағанда “сіздің анализдеріңіз дұрыс емес” деген.
Былай қарап тұрсам, бізде бәрі дұрыс сияқты. Ағамның жеті, одан кейінгісінде бес баласы бар. Егізден де бар. Былай қарасам, біздің әулетте ондай проблема жоқ сияқты. Үстімнен мұздай су құйып жіберген сияқты болды. Біздің қазақта көбінесе әйелден көреді ғой. Менен болғаннан кейін ешкімге айта алмадым. Анама да, әкеме де. Бір күні Меруертке (жарына) айтуыма тура келді. Бірден айта алмадым. Дайындалдым. Әншейін айта салмай, екеуміз екі жаққа кете салуымыз керек, өйткені оның жастық шағын маған арнап, балалы болмасақ не боламыз деп ойладым. Әрбір ананың арманы – бала сүю. Махаббатым деп өмірін өткізіп жіберем бе деген ой кетті. Өзіме оны айту оңай болған жоқ. Қазір біраз уақыт өткеннен кейін айтып жатырмын ғой. Ол кезде қатты қиналдым. Бір айдай айта алмай жүрдім. 10 жылдай көрінді. Өз-өзімді жеп қойдым. Содан не керек, Меруертке бәрін айттым. Меруерт сол кезде маған “Мақсат, қандай жағдай болса да, мен сенімен біргемін” деді. “Мен ертең қартайып, әже болып кетсем де өкінбеймін” деді. Сол маған үлкен күш берді, – деді әнші Qazaqstan телеарнасындағы Тату-тәтті реалити-шоуында.
Қазақстанда бедеулік мәселесі әрбір бесінші отбасында кездесетіні бұған дейін айтылған еді. Сарапшылардың айтуынша, репродуктивті денсаулыққа ең көп әсер ететін факторлар — экологиялық жағдай, жоғары деңгейдегі стресс, отбасын кеш жоспарлау және әртүрлі аурулар болып есептеледі.