×
502.83
545.37
5.95
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
502.83
545.37
5.95

Наурыз мерекесінде орталық алаңның шұңқырын бітеу жұмысы қызу талқыға түсті – Өскемен

Бүгін, 13:03
Наурыз мерекесінде орталық алаңның шұңқырын бітеу жұмысы қызу талқыға түсті – Өскемен
Видеодан алынған кадр

2024 жыл Шығыс Қазақстан облысында «Жол жылы» деп жарияланып, өңірде жалпы ұзындығы 600 шақырым жолға жөндеу жүргізу көзделген. Ауқымды жобаның қалай атқарылғанын алысқа бармай-ақ Өскеменнің орталық көшесінен көруге болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖОЛ ЖЫЛЫНЫҢ “ЖЕМІСІ”

Дәл қазір Өскеменнің орталық алаңында Наурыз мерекесі тойланып жатыр. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, дастархан жайылып, қазан көтерілген, жиылған жұрт наурызкөжеден дәм татып, ұлттық ойындарды тамашалап жүр. Сахнада ән әуелеп, күй күмбірлеп, мерекенің көрігін қыздыра түскен. Бәрі жақсы, бәрі көңілді. Тек қолына күрек ұстап, орталық алаңдағы су толған шұрық тесік жолды бітеген жұмысшылар ғана көзге біртүрлі оғаш көрінеді. Орталық алаңдағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне келген көпшіліктің арасындағы бұл адамдар әлеуметтік желінің «жұлдызына» айналды. Желі қолданушылары өз міндетін атқарған қарапайым жұмысшыларды емес, дәл мереке күні жол жөндеткен әкімдікті сын садағына алды.

БІРЕУ ТОЙҒА АЙНАЛҒАНДА, БІРЕУ ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ

«Жол жөндеп жатыр. Міне біздегі мереке осылай» деді әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаның авторы. Оның астына пікір жазған адамдар «Мерекеге дайын емес, ұят қой», «Әкімдіктегілер тойлатып жүр, ал біреулер олардың салғырттығынан мерекеде жұмыс істеуге мәжбүр» десе, енді бір желі қолданушысы «Мерекеде де жұмыс істеліп жатқанын көрсетудің тиімді тәсілі» деп мысқылдады.

Сондай-ақ ШҚО-дағы Жол жылының нәтижесін жергілікті пабликтер жарыса салып жатыр. Шалғайдағы ауыл-аймақты айтпағанда облыс орталығы – Өскеменнің көшелеріндегі шұрық тесік жолдардың бейнежазбасы мен фотосуреттері әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.