Қоғамда той тақырыбы қызу талқыға түсіп жатқан бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайдың «несиеге той жасау» туралы айтқандары талайға ой салып, желі қолданушылар арасында түрлі пікір қалыптастырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Sport+ Qazaqstan ютуб арнасында болған сұхбатта ол несие алып, той жасауға, қалың мал сұрауға қарсы екенін айтты.
Жағдайы жоқ болса да “ел не дейді, туыстар не дейді деп” несие алып той жасайтындар бар. Артынан оны қанша жыл қиналып төлейді. Мен ондайды мүлде қолдамаймын. Үйлену, отбасы болу ел үшін емес, өзің үшін. Сондықтан неке қиылып, құжатқа қол қойылса жетіп жатыр, – деді Назым Қызайбай.
Бірақ боксшы қыз өзінің ата-анасы бұл ұстаныммен келіспейтінін, егер тұрмыс құру туралы әңгіме болса “олар міндетті түрде тойдың қамына кірісетінін” жасырмады.
Бұл мәселеде біздің үйдегілер мені қолдамайды. Тұрмысқа шығамын десем бәрі той жасаймыз деп шығады, ол түсінікті. Бірақ өзім артық шашылудың қажеті жоқ деп санаймын. Қалың мал дегенді де құптамаймын. Жалпы, дәстүрге жоқпын, – деді әлем чемпионы.
Белгілі спортшының бұл пікірімен желі қолданушыларының біразы келіссе, енді біразы “той қазақтың қазынасы, одан бас тартуға болмайды” дегенді алға тартты.