Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглуның қамауға алынуы Түркиядағы басты саяси оқиғаға айналды. Ulysmedia.kz оның кім екенін және неге Ердоған үшін қауіп төндіріп тұрғанын зерттеп көрді.
САЯСАТ
Экрем Имамоглу 1970 жылы 4 маусымда Трабзон қаласында дүниеге келген. Саясатқа келмес бұрын құрылыс бизнесімен айналысқан, бірақ 2008 жылы елдің жетекші оппозициялық күші – Мұстафа Кемал Ататүрк негізін қалаған Республикалық халық партиясына (РХП) қосылды.
2014 жылы ол Ыстамбұлдың Бейликдүзү ауданының мэрі болып сайланды, ал 2019 жылы Ыстамбұл қаласының мэрі сайлауында жеңіске жетті. Бұл биліктегі әділет және даму партиясы (ӘДП) үшін ауыр соққы болды, сайлау нәтижелері жойылды. Алайда, қайта өткізілген сайлауда Имамоглу одан да үлкен айырмашылықпен жеңіске жетті.
ҚАМАУҒА АЛЫНУ МЕН ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ҰСЫНЫЛУЫ
19 наурызда Имамоглу жемқорлыққа қатысты айыппен қамауға алынды. Оның жақтастары бұл айыптарды саяси қысым деп санайды. Қамауға алынғанына қарамастан, РХП оны президенттікке кандидат ретінде ұсынды. Праймериз нәтижесінде ол 15 миллионға жуық дауыс жинап, алдағы сайлауда Ердоғанның негізгі қарсыласына айналды.
ҚОҒАМ РЕАКЦИЯСЫ
Имамоглуны Түркияның түкпір-түкпіріндегі миллиондаған партияластары қолдап, наразылық шерулерін өткізуде. Оны көпшілік алдында Анкара мэрі Мансур Яваш та қолдап, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді талап етті.
Айта кетейік, Ердоған Түркия билігінде 21 жылдан астам уақыттан бері отыр. Ол 2003 жылы премьер-министр, ал 2014 жылдан бері ел президенті болып келеді. Сауалнама нәтижелері бойынша, Имамоглу жастар мен қала тұрғындары арасында жоғары сенімге ие, ал Ердоған негізінен консервативті және егде жастағы сайлаушыларға сүйенеді.