Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі Карина Госман күйеуі қысым көрсетіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Карина Госманның сөзінше, ол күйеуі Сәкен Мамашпен наурызда бетпе-бет кездескен.
- Мен көп үндемей жүрдім, бірақ барды бар деп айтамын. Сәкен балалармен кездесуге қатысты сотты жеңді, сот оны ата-ана құқығынан айырған жоқ. Ол балалармен айына екі рет кездесе алады. Бұған дейін кездескенінде мен балаларды әкеліп бердім, ол кездесуден кейін балалар қайтадан жұмысқа әкеліп беретін. Осы айда бірінші рет бетпе-бет кездестік. Наурыздан бері күнде жылайтын болдым. Себебі ол менің өзімді кінәлі сездіріп жатыр. Сот болатыны, түрмеге отыратыны анық қой. Бірақ осы уақытқа дейін кешірім сұрап, “Карина, менің түрмеге отырғанымды қаламайсың ғой? Мен түрмеге отырсам балаларға не айтасың?” деп манипуляция жасап жатыр. Балалар оның маған қол көтергенін, қандай жағдай болғанын бәрін өз көзімен көрді, дейді Карина.
Сонымен қатар, Сәкен Мамаш Каринаға және пәтерді балаларының атына жазып беретінін айтқан.
- Соны сылтауратып, маған 16 миллион төледім деген қағазға қол қоюымды талап етті. Бірақ маған ешқандай да ақша төлеген жоқ. Яғни қазір не пәтер жоқ, не 16 миллион да жоқ. Сонымен қатар, егер мен құжаттарға қол қойып, татулассам, “маған ештеңе болмайтынын” айтты, дейді Карина.
Карина Госман Сәкен Мамаш ұсынған құжаттарға қол қоймағанын айтты.
БҰҒАН ДЕЙІН ДЕ ҚОРҚЫТҚАН
Еске салайық, былтыр шілдеде Карина күйеуі кешірім сұрап, қорқытып жатқанын мәлімдеген болатын.
КАРИНАНЫҢ ОҚИҒАСЫ
Карина Мамаш жақында күйеуі оны 10 жыл бойы физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыратқанын айтқан еді. Әйелдің айтуынша, бірнеше күн бұрын Сәкен Мамаш оның БАӘ-ге қонаққа келген үлкен әпкесін де ұрып-соққан. Дипломаттың әйелі ауруханада, ал балалары әкесімен бірге болған.
Осы шудан кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дипломат елге қайтарылатынын хабарлады.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дипломаттың әйелі Карина Мамашты елге жеткізу мәселесін шешіп, Карина көп өтпей елге оралды.
Астана полициясы Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың үстінен қылмыстық іс қозғады.
Кейін Карина Мамаш сұхбат беріп күйеуімен қалай танысқанын айтқан еді.
Ал Нүкте Youtube арнасына берген сұхбатында Сәкен Мамаштың әйелі дипломаттың әріптестері жанжалдың көпшілікке жария болғанын қаламағанын айтты.
Кейін дипломаттың әйелі алғашында кешірім сұраса, қазір қорқытып жатыр деп үндеу жариялаған.
Сәкен Мамаш желіде жазба жариялаған еді. Онда ол өзінің қарапайым ауыл баласынан, беделді қызметкер болғанға дейінгі өмір жолын сипаттап жазған. Қалай жоғары оқуға түскенін, ағылшын, орыс, түрік, араб тілдерін меңгергендігін тәптіштеп тұрып жазған. Каринамен отбасы құрғанын, балалы болғандарын баяндайды.
Содан соң әйелі тарапынан өзіне тағылған айыптарға жауап береді. “Зайыбым Карина мені экономикалық зорлық жасады деп айыптады” деген ол жұбайына жасаған қымбат сыйлықтарын, оны қай жерлерге қыдыртқанын да айтады. Бір сөзбен айтқанда одан ештеңе аямадым дейді.