Азаматтық авиация соғыс және еңбек ардагерлерінің біріккен кеңесі президентке үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстандағы авиация саласының мамандары «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның (ААК) жұмысына қатысты президентке үндеу жолдады. Олардың айтуынша, бұл ұйым заңға қайшы әрекет етіп, өзі бақылау жүргізіп, министрліктің құзыретіне кіретін міндеттерді атқарып отыр.
- «ААК» АҚ азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган – ҚР Көлік министрлігімен бірге жұмыс істеуі керек, бірақ оны толықтай алмастырмауы тиіс. Алайда қазір дәл осындай жағдай қалыптасып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік бақылау мен қадағалау қызметтерін коммерциялық ұйымға беру қарастырылмаған. Соған қарамастан, «ААК» АҚ бұл функцияларды заңсыз түрде атқарып, авиакомпаниялар мен әуежайлардан ақша алып отыр, делінген үндеуде.
Мамандар бұл жағдай заңнамалық қайшылықтардан туындағанын айтады. Олардың пікірінше, бұған 2019 жылы енгізілген өзгерістер себеп.
- Қазіргі заңнамадағы қайшылықтың салдарынан «ААК» АҚ өз қызметінде кәсіпкерлік кодекс пен «Акционерлік қоғамдар туралы» заңды басшылыққа алады. Ал оның қызметкерлеріне «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның шектеулері қолданылмайды. Сонымен қатар, ҚР Көлік министрлігі «ААК» АҚ-ның жоғары тұрған әкімшілік органы болып табылмайды, деп жазылған үндеуде.
Мамандар ұйымды шетел азаматтары басқарып келгенін де атап өтті. Еске сала кетейік, 19 наурызда «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның бас директоры Каталин Раду қызметінен кеткені белгілі болды.
- «ААК» АҚ құрылған кезден бастап оны шетел азаматтары басқарып келді, бұл ұлттық қауіпсіздік қауіп төндіреді. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, оның салдары ауыр болуы мүмкін, өйткені азаматтық авиация – елдің әуе қорғаныс күштерінің стратегиялық ресурсы, дейді мамандар.
Осыған байланысты олар ұйым басшылығына тәжірибелі әрі беделді маман Талғат Мұсабаевты тағайындауды ұсынды.