Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстандағы киік санын реттеу мәселесіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Журналистер министрден елде киіктерді қайта ата бастауы мүмкін бе деп сұрады. Оның айтуынша, бұл мәселе қазір сарапшылармен бірге талқыланып жатыр.
Ғылыми қауымдастық бұл мәселені жан-жақты зерделеп, барлық міндеттемелерді сараптауы қажет. Осыдан кейін ғана шешім қабылданады: киік санын шектеу қажет пе, әлде балама шаралар қолдану керек пе? Сонымен қатар, біз эпизоотиялық тәуекелдердің бар екенін де көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселеде барынша байыпты әрі жан-жақты негізделген шешім қабылдау қажет, — деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, жануарлар мен адам қызметінің арасындағы қақтығыс барған сайын айқын көрініп келеді. Бұл мәселе биылғы жылы түбегейлі шешімін табады деп жоспарланып отыр.
Министр "популяцияны реттеу" ұғымының екі нұсқаны қамтитынын нақтылады: не арнайы қоршауда ұстап, бақылауда ұстау, не ату арқылы санын шектеу.
Бұдан басқа қандай нұсқа болуы мүмкін? Бірақ әзірге ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп толықтырды ол.
1996 жылы киік Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміне енгізілді. Қазақстанның Қызыл кітабына енбегенімен, киік қазіргі таңда аулауға толық тыйым салынған жануарлар қатарына жатады. Сондықтан заң тұрғысынан оның заңсыз аулануы Қызыл кітапқа енген жануарларды қырып-жоюмен бірдей қылмыс болып есептеледі.
2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев киіктерді ату туралы шешім қабылдаған экология министріне қатаң сөгіс жариялап, олардың санын реттеу мәселесіне кәсіби тұрғыдан қарау қажеттігін баса айтты. Мемлекет басшысы киіктің қазақ халқы үшін киелі жануар екенін атап өтіп, оны өлтіру тек ең соңғы әрі аса қажетті шара ретінде ғана қарастырылуы тиіс екенін ескертті.