×
503.42
542.08
6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.42
542.08
6

Осымен бесінші рет: тағы да дрон қалдығы табылды

26.03.2025, 20:55
Осымен бесінші рет: тағы да дрон қалдығы табылды
ralskweek.kz

БҚО территориясына жыл басынан бері бесінші мәрте, ал соңғы бір ай ішінде төртінші дрон қалдығы табылды. Бүгін, 26 наурыз күні, сағат 10:30 шамасында Жәнібек ауданы, Қамысты ауылдық округі аумағында (Жәнібек ауылынан 55 км қашықтықта) ұшқышсыз ұшатын аппарат бөлшектері табылды. Бұл туралы құзырлы органдарға жергілікті тұрғындар жеткізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Sarapshy.info басылымына сілтеме жасап.

Оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы, төтенше жағдайлар бөлімі, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен шекарашылар барған.

Осыдан екі күн бұрын, 24 наурыз күні кешкі сағат 22:02-де Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылдық округіне қарасты Ұзынкөл ауылынан 5 км жерге белгісіз құрылғы құлаған еді. Бұл жөнінде Жәнібек ауылындағы №21 өрт сөндіру бөлімшесі Жәнібек ауданы полиция бөліміне хабарлаған.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті Жәнібек ауданының аумағында бірнеше мәрте құлаған дрон бөлшектерінің табылуына байланысты тексеру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ 23 наурыз күні, сағат 21:30-да Жәнібек ауданының жергілікті атқару органдарына дронның құлағанын Ұзынкөл ауылдық округі Абдолла қыстағының тұрғындары айтқан. Бұл Жәнібек ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан.

18 наурызда да Тасқала ауданында дрон құлаған еді.  Герань жазуы бар дронды бұқаралық ақпарат құралдары Иранның Ресейге берген дрондары деді. Shahed-136 және Shahed-131 дрондары Ресейде «Герань-2» және «Герань-1» деген атаумен қолданылады.

18 ақпанда Бөкей Ордасы ауданы, Ұялы ауылынан 8 шақырым жерге дрон құлады. Кей деректе аппараттың Ресейдің Орлан-10 дронына ұқсайтынын жазса, бір деректе бұл Ресей аумағын атқылаған Украина дрондарының бірі болуы да мүмкін деген болжам айтылды.

Осыған дейін Бөкей Орда аумағына құлаған дрондары Қазақстанның Ресейге жалға берген полигонында сыналып жатқан аппараттар болуы мүмкін деген болжам айтылды. Ал Жәнібек ауылына құлаған дрон бөлшектерінің қайдан келгені белгісіз. Десе де, Жәнібек пен Ұзынкөл аудандары Қазақстан мен Ресей шекарасына өте жақын орналасқан. Бұл аймақтар Ресей Федерациясының Саратов және Волгоград облыстарымен шектеседі.