Ресейлік БАҚ-тар қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Жәкішев Кәрім Мәсімовтің үйін сатып алды деген ақпаратты таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ресейлік “Политика 2.0” порталында “Қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Жәкішевтің миллиондаған шығындары: Мәсімовтің үйін және Дубайда қыздарына сатып алды” деген тақырыпта материал жарияланған.
Басылым материалда Жәкішев Мәсімовтің Астанада сатылымға қойылған зәулім үйін аукцион өтпей жатып сатып алғаны туралы жазған. Ресейлік журналистер қазақстандық қайтарылған активтерді басқару компаниясына сілтеме жасап, Жәкішев жылжымайтын мүлікті сатып алу бойынша келісімге келгенін хабарлаған.
КОМПАНИЯ НЕ ДЕЙДІ
Бұл ақпаратқа қайтарылған активтерді басқару компаниясы пікір білдіріп, мәліметте жоққа шығарды.
- Әлеуметтік желілерде қайтарылған активтердің бірі аукцион өткізілместен сатылып, тіпті оның сатып алушысы анықталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды. Барлық активтер тек қана «E-Qazyna» мемлекеттік порталында Активтерді басқару қағидаларына қатаң сәйкестікте сатылады, делінген компания жауабында.
МӘСІМОВТІҢ ҮЙІ
Еске салайық, 18 наурызда Астанада Мәсімовтің зәулім үйі тағы аукционға қойылған болатын.
Үйдің бастапқы бағасы бұрынғыдай – 1,8 млрд теңге. Кепілдік жарна – 117,9 млн теңге.
Сауда түрі: Бағаны көтеру бойынша аукцион
Өтінімдерді қабылдау мерзімі: 2025 жылғы 28 наурызға дейін
Аукцион ертең, 28 наурызда таңғы сағат 10:00-де басталады.