Ұлттық экономика министрлігі қазақстандықтарға қосымша құн салығы мөлшерлемесі бойынша түпкілікті шешім қашан қабылданатынын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Жұмыс тобы аясында біз қазір талқылау жүргізіп, түрлі есептер жасап жатырмыз. Депутаттардан ұсыныстар бар – олар үкіметтің қорытындысына жіберілді, үкіметтің қорытындылары да бар (...) Менің ойымша, келесі аптаның соңына қарай бізде жалпы көрініс қалыптасады. Біз оны түпкілікті жариялаймыз. Яғни, ҚҚС мөлшерлемесі, салық, арнайы салық режимдері бойынша қандай өзгерістер болатыны, кімге қолданылатыны белгілі болады. 16% мөлшерлемесі ұсынылған. Мұнда негізгі мәселе – дифференциация, – деді ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин.
Қазақстанда бюджет тапшылығын еңсеру мақсатында салық реформасы бойынша талқылау жалғасып жатыр. Үкімет ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеуді, басым салалар үшін 10% төмендетілген мөлшерлемені енгізуді және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан босатуды ұсынып отыр.
Сондай-ақ, ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету және қолданыстағы арнайы салық режимдерін реформалау ұсынылады.
Наурыз айының басында мәжіліс депутаты Азат Перуашев қосымша құн салығы шегін төмендету шарасын алып тастауды ұсынған еді.