×
503.42
542.08
6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.42
542.08
6

Назарбаевтың әйелінің ағасы: EXPO ісіне Есполовтың қандай қатысы бар

28.03.2025, 15:43
Назарбаевтың әйелінің ағасы: EXPO ісіне Есполовтың қандай қатысы бар
Ulysmedia.kz коллажы

«Экспо-2017» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаров Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында зәулім ғимараттарды салған кезде бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелінің ағасы Айдос Есполов мердігерлермен жұмыс істегенін айтты.

«Сотта ешкім Ермегияевке ақша бергенін айтқан жоқ, ешкім онымен келісім жасағанын растаған жоқ. Тағы бір қызық жайт болды – Ермегияевтің жанынан кеңесші пайда болды. Жас, сымбатты жігіт, есімі – Айдос Есполов. Ол қайдан шықты деп таңғалдым. Сонда Ермегияев маған бұл Назарбаевтың тапсырмасы екенін айтты. Сол кезде мен жаңа технологиялар жөніндегі басқарушы директор қызметін атқарып жүргенмін, ал құрылыс жөніндегі орынбасар лауазымына кейінірек, қамауға алынардың алдында ғана тағайындалдым. Мердігерлер маған келіп, барлық мәселені Айдос Есполовпен шешіп қойғандарын айтатын», - дейді Мұрат Омаров.

Оның айтуынша, ЭКСПО ғимараттарында мердігерлерді директорлар кеңесі бекіткен. Оны Нұрлан Қаппаров басқарған. Жалғыз акционер – экономика министрлігі, оны сол кезде Досаев басқарған.

«Біз мердігерлермен ешқандай келісімшарт жасай алмайтынбыз, тек директорлар кеңесі мен жалғыз акционердің нұсқауы болған жағдайда ғана әрекет ететінбіз. Бірақ шын мәнінде, мердігерлерді таңдау процесін Президент әкімшілігі жүргізді. Олардың қатарында "Мобитекс" пен "BI Group" бар. Біз тек орындаушылар ретінде құрылыстың барысын бақыладық», - дейді ол.

Мұрат Омаровтың сөзінше, Талғат Ермегияевтің кеңесшісі болып келген Мұрат Омаров мердігерлермен жұмыс істеп жүрген.

«Мердігерлер маған келіп, «Есполовпен бәрін келісіп қойдық» дейтін. Мен болсам «Есполов деген кім өзі?» деп сұрайтынмын. «Ол кеңесші», – деп жауап қайтаратын. Бұл жерде өте қызықты жайт бар: Айдос Есполов – Назарбаевтың қазіргі әйелі, 2000 жылғы «Қазақстан аруы» байқауының жеңімпазы Әселдің туған ағасы екен.

Мердігерлер өз мүддесін алға тартып, манипуляция жасамақ болды. Олар Есполовті басты адам ретінде көрсеткісі келді. Ермегияев бұл туралы Назарбаевтан сұрағанда, ол «кеңесші мердігерлермен жұмыс істейді, оған кедергі жасамаңдар» деп жауап берген. Осыдан кейін біз оған аса мән бермедік, себебі оның Назарбаевтан тікелей тапсырмасы бар еді. Ол кейде кеңседе пайда болып, кейде жоғалып кететін. Біз онымен жиі байланыспадық», - дейді Мұрат Омаров.

Омаровтың айтуынша, прокурор EXPO ісіндегі сотта Есполовтың Қазақстанда емес екенін айтып, оның есімін атамауды өтінген. 

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден көруге болады.

EXPO ІСІ

2016 жылы тамызда «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының үкімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сонымен қатар оған материалдық жауапкершілігі жоғары мемлекеттік лауазымды иеленуге өмір бойына тыйым салынды және «Парасат» ордені қайтарып алынған. ҚР ҚК-нің 176-бабының 4-бөлігіндегі «б» тармақшасында қарастырылған ауыр қылмыстарды бірнеше рет қасақана жасады деген күдік келтірілген еді.

Сот үкімімен Аян Адамбаев, Орал Ибаділдина мен Сұламбек Беркінxоев айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Қуаныш Медеуов, Мұрат Омаров, Валерий Син - 8 жылға, Азамат Тұматаев - 10 жылға, Шоқан Матайбеков, Әлішер Пірметов - 5 жылға, Мадина Дәулетбаева - 4 жылға сотталды. Олардың мүліктері де тәркіленетін болады. Сонымен қатар материалдық жауапкершілігі жоғары лауазымдарды атқаруға тыйым салынған еді.