Абай облысында ірі қарадан бруцеллез шықты. Бұлақ ауылындағы кейбір тұрғынның қорасында тігерге тұяқ қалмаған. Шағын елді мекендегі 200-ден астам аша тұяқтан індет анықталып, бәрі пышаққа іліккен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІРІ ҚАРАҒА КЕЛГЕН ІНДЕТ
КТК телеарнасының ақпаратынша ауылдағы кейбір тұрғынның қорасы қаңырап бос тұр. Сиырлары шетінен бруцеллез жұқтырып пышаққа ілінген.
“12 бас, көршімнен 24 бас шықты. Мына жақтағы жігіттерден 28, бестен, үштен, екі, бірден — көп бас шықты. Бір табынды бітірді ғой. Шамамен екі жүз елу, үш жүз бастай болып қалады. Енді қалай күн көреміз?”- дейді Серікхан Серікбайұлы.
Алайда тұрғындар, мал дәрігерлерінің қызметіне күдікпен қарай бастаған. Себебі, «індетке шалдықты» деген ірі қаралардың сынамасын жұрттың өзі тексертіп көрген. Нәтижесінде ешқандай қауіпті кесел белгілері байқалған жоқ дейді. Оның үстіне ауру малдың еті базарда ашық саудаланып жатқан көрінеді.
“Ветеринария талаптары сақталып отырып, мал сою пунктінде ғана сойылады. Тексеріледі. Қарайды. Егер ет өнімдерінде өзгеріс болса, ол өңдеуге кетеді. Егер өзгерістер жоқ болса, 24 сағат тұрғаннан кейін сатылымға жіберіледі”- деді ҚР АШМ Ветеринария комитетінің Семей аумақтық инспекция басшысының міндетін атқарушы Алтай Оразбаев.
Ал ветеринарлар ауылда «карантин енгізілді» дейді. Тіпті дерт жұқтырған ірі қара етін базарға шығаруға да болады дейді мамандар.