Батыс Қазақстан облысында ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) құлауы туралы материалдарға оқырмандар ерекше қызығушылық танытты. Көпшіліктің бұл тақырыпқа қызығушылық танытуы геосаяси жағдаймен және Украинадағы соғыстың тезірек аяқталуын күтумен байланысты болса керек. Бұл тұрғыда Қазақстанның бейтарап сыртқы саяси ұстанымы маңызды рөл атқарады. Ұлттық қауіпсіздік саласындағы әскери сарапшы және талдаушы, запастағы полковник Дархан Данияров Ulysmedia.kz редакциясына қоғамда қызу талқыланған тақырыпқа қатысты өз көзқарасын білдірді.
НЕ, ҚАЙДА, ҚАШАН
Бұл мақалада мен болған оқиғаны объективті және әскери тұрғыдан талдауға, ықтимал себептерді ұсынуға және жағдайды басқа елдердегі осыған ұқсас оқиғалармен салыстыра отырып сарапдауға тырысамын.
Оқиғалар туралы мәліметтер
2025 жылғы 18 ақпан: Бөкей ордасы ауданы, Іле ауылында.
2025 жылғы 18 наурыз: Тасқала ауданында.
2025 жылғы 24 наурыз: Жәнібек ауданында.
2025 жылғы 26 наурыз: Казталов ауданында.
Бір қарағанда, оқиғалар оқшауланған жағдайларға ұқсайды, бірақ олардың уақыты мен географиялық жақындығы олардың арасындағы ықтимал байланысты көрсетеді және барлық ұшқышсыз ұшу аппараттары шекара бойында құлады.
ҰҰА-НЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Желіде тараған ақпаратты және ҰҰА сынықтары таспаланған фотосуреттер мен бейнежазбаларды талдау негізінде құлаған нысандарды базалық техникалық сипаттамалары бар шағын ұшқышсыз ұшу аппараттары деп болжам жасауға болады. Бұл тактикалық немесе шағын операциялық аппараттар санатына жататын дрондар болуы мүмкін.
Мұндай ұшқышсыз ұшу аппараттарының мынадай ерекшеліктері бар:
Шектеулі ұшу қашықтығы – бірнеше жүз шақырым.
Төменгі тұрақты жылдамдығы – 150-200 км/сағ дейін, ұшу биіктігі – 3-5 км аспайды.
Навигациясы қарабайыр және қорғанысы нашар. Ұшуы көбінесе спутниктік жүйелерді қолдана отырып, алдын ала белгіленген маршрут бойынша жүзеге асырылады. Бұл оларды радиоэлектронды күрес құралдарының әсеріне әлсіз етеді. Соның салдарынан басқарушы аппаратты бақылауда ұстай алмай қалуы, тіпті оның құлауы мүмкін. Дизайны мен материалдары қарапайым, дрондардың корпусы жеңіл композиттік материалдан немесе пластмассадан жасалған, бұл олардың радиолокациялық көрінуін азайтады және қарапайым радиолокациялық станцияның анықтауын қиындатады.
ЫҚТИМАЛ СЕБЕПТЕРІ
Әскери маман ретінде мен дрондардың бағыттан абайсызда ауытқуы туралы гипотезаны ең ықтимал деп санаймын. Біз «шашыраңқы құлау» деп аталатын нәрсе туралы айтып отырмыз. Бұл кезде ҰҰА сыртқы күштердің әсерінен немесе техникалық ақау салдарынан бағытын жоғалтады. Барлық дрондар бір уақытта, яғни ақпан айының ортасында құлаған болуы мүмкін. Тек оларды бірақ жергілікті тұрғындар немесе қызметтер әртүрлі уақытта тауып алып жатыр. Осыған ұқсас картина бұған дейін Беларусь елінде байқалған, онда 2023-2024 жылдары дәл осылай дрондардың құлауы тіркелген. Мұндай эпизодтар Польшада, Молдовада болды. Дрондар басқару пунктімен байланыс жоғалту немесе навигациясы бұзылу салдарынан бағытанан ауытқып кеткен.
Сондай-ақ басқа ықтимал себептерді де жоққа шығармаймын, мысалы: навигациялық қателіктер немесе сигналдың жоғалуы, әсіресе ұзақ ұшқышсыз ұшу кезінде оператордың көру аймағынан тыс қалады.
Радиоэлектронды құралдар (РЭҚ) әсері - бұл дрондар тобының бағдарын жоғалтуға әкелуі мүмкін. Жанармайдың сарқылуы немесе қозғалтқыш жүйелерінің істен шығуы да себеп болуы ықтимал, әсіресе бұл ұзақ қашықтыққа ұшатын дрондарға тән. Мұның бәрі дрондардың Қазақстанға мақсатты түрде бағытталмағанын, керісінше басқару жүйесіндегі ақаулар немесе сырттан әсер ету нәтижесінде болғанын көрсетеді.
Ресми мәлімдемелерде Қазақстан асығыс айыптаулардан бас тартатынын атап өту маңызды. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин атап өткендей, дрондардың қайда жасалғаны әлі анықталған жоқ және тергеу жалғасып жатыр.
ҚАЗАҚСТАНДА ӘУЕ ҚОРҒАНЫСЫ БАР МА
Қоғамдық кеңістіктегі кейбір пікірлер дрондарға қатысты оқиғаларды Қазақстанның әуе шабуылына қарсы қорғаныс (әуе қорғанысы) жүйесінің әлсіздігімен байланыстырады. Дегенмен, қазіргі заманғы ұшқышсыз ұшу аппараттары, әсіресе шағын және орта класты, тіпті қуатты әуе қорғанысы жүйесі бар дамыған елдердің өзіне де қиындық тудыратынын атап өткен абзал.
Тіпті САКҰ (НАТО) елдерінде, соның ішінде Польша, Финляндия және Балтық жағалауы мемлекеттерінде соңғы жылдары «ұшқышсыз қабырғалар» деп аталатын, ұшқышсыз ұшу аппараттарын анықтау, бейтараптандыру және ұстап қалудың мамандандырылған жүйесінің шұғыл дамуы мен енгізілуі байқалды. Бұл шаралар әскери қақтығыстарда дрондарды қолдану көлемінің күрт өсуіне және ұшөышсыз технологиялардың қауіптілігінің артуына жауап болды.
Дәстүрлі әуе қорғанысы жүйесі (мысалы, C-300, C-400 немесе PATRIOT типті Батыс кешендері) ең алдымен ұшақтарды, зымырандарды және үлкен нысандарға тосқауыл қоюға арналған. Оларды шағын дрондарға қарсы пайдалану экономикалық және техникалық жағынан тиімсіз. Сондықтан көп мемлекет, соның ішінде Қазақстан, жаңа қауіп-қатерлерді ескере отырып, өздерінің әуе қорғанысы құралдарын бейімдеп, жаңғыртып жатыр. Дрондардың құлауы жалпы әуе қорғанысының «әлсіздігі» емес, периметрлік мониторинг пен техникалық ерте ескерту құралдарын жетілдіру қажеттілігін көрсетеді.
БІР ҒАНА ЭПИЗОД
Батыс Қазақстан облысындағы бұл оқиғалардан дрондардың біздің елге мақсатты түрде бағытталмағанын аңғарамыз. Ең ықтимал болжам ретінде олардың байланысты жоғалту немесе сыртқы әсердің салдарынан бағытынан ауытқып, апатқа ұшырауы мүмкін екенін атап өткен дұрыс. Оларды анықтау уақытының әртүрлі болуы ұшқышсыз ұшу аппараттарының кезекпен құламағанын, керісінше бір мезетте болған эпизод екенін көрсетеді және бұл жағдайлардың себеп-салдарын анықтау біразға созылады.
Авторы: Дархан Данияров