ЭКСПО-2017 көрмесінің құрылысы кезінде бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін 20-дан астам адам сотталды, олардың қатарында «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ бұрынғы төрағасының орынбасары Мұрат Омаров та бар. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылып, жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеді. Осы оқиғалардан кейін 10 жыл өткенде Омаров Ulysmedia.kz басылымына сұхбат берді.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сұхбат барысында Мұрат Омаров ЭКСПО құрылысы кезінде мердігерлерді кім және қалай анықтағанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол бұрынғы Бас прокурор Қожамжаровтың қылмыстық істегі рөлін ашып, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мүдделері туралы айтты.
Ulysmedia бас редакторы сұхбаттасушыға шулы істі 10 жылдан кейін қайта қарау мүмкін бе деген сауал қойды.
ДӘЙЕКСӨЗ
Бізде бұл істі қайта қарауға ешкім мүдделі емес, ешкімге қызық та емес, өйткені оған тікелей немесе жанама түрде қатысы бар адамдар өте көп болды. Біреулер пиар жасады, біреулер атақ алды, жаңа лауазымдарға ие болды. Барлығы қалай да араласты. Айыптау бағыты барлық БАҚ-та үкім шықпай тұрып, тергеу мен сот процесі кезінде-ақ айқын көрінді. Ақпараттық фон толықтай айыптауларға негізделді, – деді Омаров.
Омаров тергеушілердің үкім шықпай тұрып-ақ қылмыстық іс материалдарын жұртшылыққа жария еткенін атап өтті.
Тергеу органы, атап айтқанда Қожамжаров, үкім шыққанға дейінгі баспасөз конференциясында белгілі бір сома ұрланған деп мәлімдеді. Әрбір баспасөз конференциясында «ұрланған» қаражат мөлшері тек өсіп отырды. Егер біздің адвокаттарымыздың бірі осындай мәлімдеме жасағанда, оны тергеу деректерін жариялағаны үшін бірден жауапқа тартар еді. Тергеу органдарына ақпарат таратуға болады, ал қорғау тарапына тыйым салынған. Бізде БАҚ арқылы қорғану мүмкіндігі болған жоқ, себебі бұл заңмен шектелген. Ал айыптаушы тарап – мемлекет қана «халық байлығын талан-таражға салушылар» бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік алды, – деді Омаров.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube арнасынан көре аласыздар.