Словения президенті Қазақстанның танымал әншісі Димаш Құдайбергеннің өнеріне тәнті екенін жасырмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Словения президенті Димаш Құдайбергеннің жанкүйері болып шықты
Қазақстандық журналист Әділ Балтабаевтың айтуынша, шағын құрамдағы келіссөздер кезінде Словения президенті Наташа Пирц-Мусар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Димаш Құдайбергеннің өнеріне ерекше тәнті екенін айтқан. Бұған Қазақстан президенті оны қуантатын жаңалықпен жауап беріп, әншінің оның құрметіне өтетін салтанатты қабылдауда өнер көрсететінін жеткізген.
Словения президенті бұл жаңалыққа қатты қуанып, бірнеше рет қайталап сұрап, өзінің бақытынан сене алмай тұрғандай әсер қалдырды. Қабылдау барысында Пирц-Мусар Димаштың қолын алып, оның концертіне бұған дейін де барғанын айтты. Ал Димаш бұдан хабардар екенін жеткізіп, мұндай ықыластың өзіне ерекше әсер ететінін атап өтті, – дейді Балтабаев.
Словения президенті ресми сапармен Астанаға келген. Ақордада оны салтанатты түрде қарсы алды.
Келіссөздер барысында Словенияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясы 200 миллион долларға жуықтағаны белгілі болды. Сонымен қатар, екі ел арасында үш меморандумға қол қойылды.