Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Пхукетте қазақстандық туристер отырған катер жарылуы оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СІМ НЕ ДЕЙДІ
СІМ мәліметінше, катердегі жолаушылардың арасында Қазақстанның 4 азаматы болды.
- Олардың барлығы дін-аман, Таиландта демалыстарын жалғастыру туралы шешім қабылдады. Екі азаматтың паспорттары өртеніп кетті. Ертең консул оларға уақытша құжаттарды ресімдеп, содан кейін Қазақстанға орала алады, дейді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Бұған дейін Пхукет провинциясындағы Майтон аралы маңында туристер мінген катер жарылып кеткенін, бортта Қазақстаннан барған демалушылар да болғанын хабарлаған едік.
Өрт тұтанған кезде катерде үш адам – капитан мен екі экипаж мүшесі болған. Кейбір туристер бұл сәтте теңізде жүзіп жүрген. Bangkok post мәліметінше, катерде Қазақстан мен Ресейден келген туристер болған. Жалпы катер бортында 31 адам болған.