×
503.15
543.3
5.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.15
543.3
5.93

Украинаның тағдыры шешіле ме: пайдалы қазбалар туралы жаңа дерек

01.04.2025, 19:20
Украинаның тағдыры шешіле ме: пайдалы қазбалар туралы жаңа дерек
Әлеуметтік желіден

Украина билігі пайдалы қазбалар бойынша АҚШ-пен келісімнің өзара ұлттық мүдделерге сай болуын қамтамасыз етуге күш салуда. Бұл туралы Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар алғашқы консультациялық раундты өткізді, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz

КЕЛІСІМ ТЕКСТІ БОЙЫНША КОНСУЛЬТАЦИЯ БАСТАЛДЫ

Украина АҚШ-пен пайдалы қазбалар бойынша келісімнің екі жақтың ұлттық мүдделеріне сай болуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига 1 сәуір күні Киевте Литва сыртқы істер министрі Кястутис Будриспен бірлескен баспасөз мәслихатында айтты.

"Біз американдық тараппен келісім мәтіні бойынша консультацияларды бастадық. Бірінші раунд өтті. Біз қол қою үшін өзара тиімді мәтінге қол жеткізу мақсатында американдық әріптестерімізбен жұмыс істейтін боламыз", — деді Сибига.

Оның айтуынша, 28 наурызда Украина сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы АҚШ-тан минералдық ресурстар бойынша жаңа келісім мәтінін алды.

ЖАҢА РЕДАКЦИЯҒА СӘЙКЕС ІШКІ ПРОЦЕДУРАЛАР БАСТАЛДЫ

Сибига атап өткендей, Украина бұған дейін жасалған негіздемелік келісімге қол қоюға дайын болған. Алайда құжаттың жаңартылған нұсқасы алынғаннан кейін қажетті ішкі мемлекеттік процедуралар қайта басталды.

Министрдің айтуынша, АҚШ-пен келісімге қол қою Украинада ірі америкалық бизнестің белсенді қатысуын арттыруға және елдің қауіпсіздік инфрақұрылымына тікелей үлес қосуға мүмкіндік береді.

ТРАМП: ЗЕЛЕНСКИЙ КЕЛІСІМНЕН ШЫҒУДЫ КӨЗДЕП ОТЫР

Екі күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді пайдалы қазбалар бойынша Вашингтон мен Киев арасындағы келісімнен шығуға ұмтылуда деп айыптады.

"Ол сирек кездесетін металдар бойынша келісімнен шығуға тырысуда. Егер ол мұны жасаса, үлкен, өте үлкен мәселелерге тап болады", — деді Трамп 30 наурызда журналистерге. Сонымен қатар, ол Зеленскийдің НАТО мүшесі болуды қалағанымен, ешқашан одаққа мүше болмайтынын атап өтті.

УКРАИНА АҚШ-ҚА КЕЛІСІМДІ ӨЗГЕРТУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫС ЖАСАМАҚ

29 наурызда Bloomberg агенттігі Украина Трамп ұсынған экономикалық келісімге өзгеріс енгізуді және оған америкалық инвестицияларды арттыру міндеттемесін қосуды сұрайтынын хабарлады.

Агенттік мәліметінше, ұсыныс жобасында АҚШ-қа Украинадағы инфрақұрылым мен пайдалы қазбаларға жасалатын ірі инвестицияларды мерзімсіз бақылау құқығын беру қарастырылған.

ЕО-ҒА ҚОСЫЛУҒА ҚАУІП ТӨНДІРУІ МҮМКІН

Киев билігі келісім шарттарының Еуропалық Одаққа қосылу процесіне қауіп төндіруі және Украинадан соғыс басталғаннан бері АҚШ-тан алған барлық әскери және экономикалық көмекті өтеуді талап етуі мүмкін деп алаңдауда.