«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауылдарда дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесін реттей алмай жатыр. Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев осы проблеманы көтеріп, үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Мамандарды ауылдарға тарту үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жұмыс істейді. Жергілікті әкімдіктерден көтерме жәрдемақы берілуде. Соған қарамастан, облыстарда, соның ішінде шалғай аудандарда кейбір дәрігер мамандар әлі де жетіспейді. Мысалы, кез-келген медициналық оталарда өте қажетті анестезиолог-реаниматолог, сол сияқты инфекционист, травматолог, пульманолог, эндокринолог сияқты мамандар көптеген аудандарда жетіспейді. COVID-19 сияқты ауыр науқастан жазылған адамдарға реабилитолог қажет. Ол мүлдем жоқтың қасы. Оларды айтпағанда, акушер-гинеколог, хирург, фтизиатор сияқты мамандар да шалғай аудандарда жетпей жатыр. Алыс аудандарда осындай кадр жетіспеуіне байланысты өздеріне келіп түскен ауруларды санитарлық-авиация шақыртып, облыс орталықтарына жіберуді жиілеткен. Бұның бәріне бюджеттен қаражат керек», - дейді депутат.
Оның айтуынша, бұл Қазақстанның барлық облысыына тән проблема. Соның ішінде Атырау облысы бойынша барлығы 219, оның ішінде ауылдық жерлерге 63 маман жетіспесе, Маңғыстау облысы бойынша барлығы 221, оның ішінде ауылдық жерлерге 53 маман жетіспейді. Сол сияқты Батыс Қазақстан облысы бойынша барлығы 267 маман керек болса, ауылдық жерлерге 140 маман керек екен.
«Жағдайдың бұлайша ушығуына грант бойынша оқыған медициналық жоғары оқу орындарының кейбір түлектерінің міндетті бөлу әдісіне бағынбай, өздері бөлінген болашақ жұмыс орындарына бармай қалулары да себептерін тигізуде. Сонымен қатар, медициналық жоғары оқу орындары үшін бөлінетін грант саны түсініксіз себептермен 2020 жылы азайып кеткен (2019 ж-4685, 2020 ж-4638 грант). Осы айтылғандарды қорыта келе, төмендегі көрсетілген проблемаларды шешуді сұраймыз: 2021 жылдан бастап медициналық жоғары оқу орындарына гранттар санын тиісінше 2021 жылғы 4685-тен 2025 жылғы 5185-ке дейін ұлғайтуды ұтымды пайдаланып, кадр жетіспеу мәселесін шешу керек. Грантпен оқыған түлектердің өздерінің болашақ жұмыс орындарына себепсіз бармай қалуларын тоқтату қажет. Грант бөлгенде медициналық мамандар жетіспейтін аймақтарға квота санын көбейту керек», - деп түйді депутат.