×
504.34
556.34
5.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
504.34
556.34
5.97

«Дәрігерлер баламның өлімін бір-біріне сілтей бастады»: Қостанайда 7 жастағы қыз бала көз жұмды

Бүгін, 08:03
«Дәрігерлер баламның өлімін бір-біріне сілтей бастады»: Қостанайда 7 жастағы қыз бала көз жұмды
Ашық дереккөзден

Қостанайда №22 мектептің оқушысы бір айға жуық ем қабылдаған соң, пневмониядан қайтыс болды. Ал бастапқыда оған жай ғана «ангина» диагнозы қойылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz «ТоболИнфо» порталына сілтеме жасап.

Қайғыдан қан жұтқан ата-ана дәрігерлердің жанұшыра көмек сұраған шақтарын елемегенін айтады. Енді олар медицина мекемелерінен нақты жауап талап етіп отыр.

Оқиға 28 ақпанда басталған. Сол күні Райананың жөтелі пайда болған. Ата-анасы №3 емханаға барған. Учаскелік дәрігер Ольга Ткачук оған әдеттегі ем-дом — антибиотиктер жазып берген. 7 наурызда, жағдайы жақсармағанына қарамастан, қыз баланы «мектепке баруға болады» деп үйіне жіберген.

Алайда 11 наурызда Райананың жағдайы күрт нашарлаған. Қызуы қайта көтеріліп, сол бұрынғы дәрілерді тағы жазып берген. Тіпті мектепте де қыз бала мұғалімдердің көз алдында әлсіреп кеткенде жедел жәрдем шақыртылған. Алайда мектеп директоры Сауле Кенжебаеваның айтуынша, дәрігерлер диагнозды өзгеріссіз қалдырған – «ангина, уайымдамаңыздар» деген.

Райананың анасы Динара Қабжанованың сөзінше, отбасының жанайқайы ескерусіз қалған.

Біз неше рет дұрыс тексеру жасауды сұрадық. Бірақ дәрігерлер тыңдамады. Емханада да, кейін ауруханада да Райанаға тиісті көңіл бөлінген жоқ. Тек ақылы палатаға ауыстырған соң ғана нақты диагноз қойылды — пневмония екен. Сол кезде ғана жансақтау бөліміне ауыстырылды. Бірақ бәрі тым кеш еді, – дейді ол.

Қыздың әкесі Рүстем Қабжанов іссапардан арнайы келіп, қызының халін көруге тырысқанын айтады:

18 наурыз күні ауруханада болдым. Тек Райананы құшақтап, жанына барғым келді. Бірақ рұқсат бермеді. “Бәрі бақылауда” деді. Ал түнде ол көз жұмды. Қоштаса да алмадым, – дейді әкесі.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы полицияға арыз түсіріп, тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Ата-ананың айтуынша, қазірден бастап медицина мекемелері жауапкершілікті бір-біріне сілтей бастаған.