Ресей билігі Украинадағы соғысты тоқтатуға қарсы емес. Алайда бұл процесте Кремльдің мүдделері қорғалуы тиіс. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НАҚТЫ ЖАУАП КЕРЕК
Kommersant.ru мәліметінше, Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы атысты тоқтату идеясын әлі де қолдайды. Алайда, Дмитрий Песковтың сөзінше, оған дейін бірқатар маңызды мәселелерге нақты жауап берілуі керек.
Мәскеу бітімге келген жағдайда Украина армиясы қайтадан қолына қару ала ма деп қауіптеніп отыр. Сонымен қатар, Ресей қақтығысты реттеу барысында алдымен өз ұлттық мүдделерін ескеруі тиіс, деп атап өтті Песков.
КИЕВ БӘРІН БАҚЫЛАУҒА ҚАУҚАРСЫЗ
- Бұл мәселелер әлі ашық күйінде қалып отыр, нақты жауаптар жоқ. Бұл Киев режимінің толық бақылауда болмауына байланысты. Атап айтқанда, экстремистік және ұлтшыл әскери бөлімшелердің әрекеттерін Киев те тоқтата алмай отыр. Сонымен қатар, Киевтің болашақта әскерді қайта қаруландыру жоспарлары да алаңдатады. Осы аталған барлық “осал тұстар” әлі күнге дейін күн тәртібіндегі мәселе, деді Песков журналистерге.
РЕСЕЙДІҢ МҮДДЕСІ
Песковтың айтуынша, Ресей атысты доғаруға қатысты бастамаларға түсіністікпен қарайды. Бірақ бұл процесте Мәскеу өз қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, жоғарыда аталған мәселелердің барлығына нақты жауап алуы керек.
- Біз соғысты тоқтату идеясын қолдаймыз. Бірақ өз мүддемізді қамтамасыз етіп, алдыңғы айтылған мәселелердің анық-қанығына жетуіміз қажет, деді Кремль өкілі.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, Ресей бұған дейін уақытша бейбіт келісімге дайын екенін мәлімдеген болатын. Алайда ол кезде де бұл үшін түпкілікті бейбіт келісімнің негіз қалаушы принциптері бойынша нақты түсінік қажет екенін жеткізді. Мәскеу уақытша атысты тоқтату туралы келіссөздерді бастау үшін осы шарттарды айқындауды талап етеді.