Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Талдықорғанда жасөспірімнің зейнеткерге қол көтеруіне байланысты қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы полиция департаменті ресми мәлімдеді.
"Денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған құқықбұзушы заңды өкілінің қамқорлығына тапсырылды", – делінген ресми хабарламада.
АТА-АНАҒА ДА ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЛДІ
Жасөспірімнің заңды өкіліне баланы тәрбиелеу міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қолданылды. Сонымен қатар, Талдықорған қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жасөспірімді профилактикалық есепке қою туралы ұсыныс енгізді.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ АҚПАРАТ
Оқиға туралы ақпарат алғаш әлеуметтік желіде тараған. Талдықорғанда 15 жастағы жасөспірім 85 жастағы қарияны соққыға жыққан. Себебі қария өзінің немере жиенін қорғап, 10-сынып оқушысына ескерту жасаған. Зейнеткер ауруханаға жеткізіліп, омыртқасына зақым келгені анықталды.