Экспортқа арналған ресейлік Urals маркалы мұнай баррелі соңғы бірнеше айдағы ең төменгі деңгейге дейін арзандап, 52,76 долларға дейін түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Bloomberg агенттігі Argus Media талдау компаниясының мәліметіне сілтеме жасап жазды. Шикізаттың қазіргі бағасы Ресейдің 2025 жылға арналған федералдық бюджетінде бекітілген бағадан 7,24 долларға төмен болып отыр. Бюджетте мұнай баррелінің бағасы 60 доллар деп болжанған.
Мұнай бағасының құлдырауы жаһандық нарықтағы жалпы арзандау аясында орын алды. 7 сәуір күні халықаралық сауда алаңдарында Brent эталонды маркалы мұнайының құны 2021 жылдан бері алғаш рет 63 доллардан төмендеді.
Бағаның төмендеуіне геосаяси тұрақсыздық, сауда шиеленістері мен ірі экспорттаушы елдердің саясатына енгізілген өзгерістер айтарлықтай әсер етті.
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысының ушығуы да нарыққа қысым түсірді. Қосымша кедендік баж салығын енгізу және Бейжіңнің қарымта шектеулері мұнайды қоса алғанда, шикізат өнімдеріне деген жаһандық сұранысты азайтып жатыр.
Оған қоса, ОПЕК+ ұйымына мүше елдердің келесі тоқсанда мұнай өндірісін арттыру жөніндегі шешімі де бағаны төмендететін қосымша фактор болуы мүмкін.