×
516.91
586.33
6.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.91
586.33
6.3

Қожағапанов ісі: сотта жаңа деректер шыға бастады

Қожағапанов ісі: сотта жаңа деректер шыға бастады
Ulysmedia.kz коллажы

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ляззат Көккөзоваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасты. Қазіргі таңда басты айыпталушы, куәгерлерден әлі жауап алынбаған, мемлекеттік айыптаушының да сөзі тыңдалмаған — яғни, соттың қазір аяқталуы екіталай. 

7 сәуір күнгі отырыс бірқатар адвокаттық өтініштермен және Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға кеткен шығындарға қатысты дау-дамаймен өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мұның жария болғанын қаламадым» — Қожағапановтың мәлімдемесі

Сот отырысының алғашқы жартысында Қожағапановтың қорғаушылары сөйледі. Олар айыпталушыны қамауда ұстау қажет емес екенін айтып, бұлтартпау шарасын өзгерту туралы қайта өтініш білдірді.

- Ол заңсыз қамауда отыр. Бұған дейінгі сот тыңдалымында да айтқанмын — бұл жерде тек қылмыстық емес, қылмыстық-процестік негіздер де жоқ. Тергеу сотының қаулысы уақытша сипатта. Енді іс сотқа берілген соң, қамауда ұстаудың қажеттілігі жоқ, деді адвокат.

Өз сөзінде Қожағапанов та мемлекеттік айыптауды кәсіби емес деп сынап, ісіне БАҚ-тың тым көп назар аударғанына наразы екенін білдірді.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының орынбасары бұл істің ашық жүретінін сенатта бүкіл елге жариялады. Соның салдарынан журналистер ағылып келді – газет, телеарна, интернет материалдары толып кетті. Істің мән-жайы түгел жария болды. Мен бұның бәрінің сыртқа шығып кетуін қаламадым. Бірақ не болды? Елдегі құқық қорғау органдарының бірі — тергеу тобының кәсіби емес жұмысы әшкере болды. Тергеу тобы өз басшыларын, қадағалаушы органды шатастырды. Енді осы “шала піскен істі” сотқа әкелді, деді айыпталушы.

Пайда ма, ұрлық па?

Отырыстағы негізгі сұрақтардың бірі — “SUCCESS K компаниясының табысы заңды ма, әлде бұл ұрлық па?” деген мәселеге тірелді. Адвокаттардың айтуынша, SUCCESS K — коммерциялық ұйым, яғни табыс табуы – заңды және заңмен бекітілген.

Сол себепті олар соттың форум шығындарын бағалау үшін сарапшы тарту шешіміне қарсы шықты.

- Компания табыс тапты деп айыптау орынсыз. Бұл — заңмен бекітілген құқық. Егер SUCCESS K келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындады ма, жоқ па деген сұрақ көтерілсе – түсінікті болар еді, деді адвокат.

Шығын сомасы мен нарықтағы бағадағы үлкен айырмашылық

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет форумда қолданылған мультимедиялық жабдықтарды жалға алу құнын анықтау үшін бірнеше компанияға сұраныс жіберген. Орташа баға — 100 миллион теңге көлемінде көрсетілген.

Алайда Көккөзованың қорғаушысы, адвокат Макиш Есқараев жеке тексеру жүргізіп, адвокаттық сұраныстар арқылы антикор ұсыныстарды жеңілдікпен есептегенін анықтады. Мәселен, “Мельников” ЖК мен “Биг Скрин Шоу” ЖШС-ның коммерциялық ұсыныстары жеңілдікпен берілген.

Бағаны төмендету және жалған деректер ме

- Тергеушінің сметалық құжаттарында жабдық бағасы жеңілдікпен және ауысым коэффициенттерімен көрсетілген. Антикор сұраныс жіберген кезде-ақ жеңілдікпен есептеуін сұраған, дейді Есқараев.

Сонымен қатар, “Мельников” ЖК 2018 жылы қажетті жабдықтарға ие болмағаны анықталды. Алайда ұсынылған қызмет құны 97 млн рубль немесе сол кездегі курс бойынша 543 млн теңге болған.

“Биг Скрин Шоу” ЖШС-де де бірнеше проектор жетіспеген. Бірақ жеңілдіксіз толық қызмет құны — 98 млн рубль, яғни 549 млн теңге.

Бұл компаниялар өз бағаларының тек болжамды сипатта екенін, ал нақты сома жоба күрделілігіне, маусымға және келісімшарт талаптарына байланысты өзгеретінін растаған.

- Бұл бағалар шынайы нарық бағасы деп айтуға келмейді. Әсіресе жеңілдік пен коэффициенттер әр жағдайда әртүрлі. Мұндай мәліметтерді негізге алып, салыстырмалы әдіспен нарықтық құнды есептеу дұрыс емес, деді адвокат.

Жалдау мерзімі қысқартылып көрсетілген

Есқараевтың айтуынша, тергеушілер жабдықты жалдау мерзімін екі есе қысқартып көрсеткен.

- Антикор жабдықты тек форумның 2 күні және дайындықтың 7 күніне жалға алынды деп көрсеткен – барлығы 9 күн. Ал нақты келісім бойынша SUCCESS K пен БЗС арасында қызмет көрсету мерзімі — 25 қазаннан 10 қарашаға дейін, яғни 17 күн, дейді адвокат.

Келесі отырыс: негізгі айыпталушы сөйлеуі мүмкін

Сот отырысы 8 сәуірге шегерілді. Сол күні басты айыпталушы Ерлан Қожағапановтың өзі де жауап бере бастауы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары