Премьер-министр Олжас Бектенов Дженнифер Лопестің Астанаға келуін жоғары бағалап, мұндай деңгейдегі іс-шараларды тұрақты түрде өткізу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БЕКТЕНОВ НЕ ДЕДІ
— Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруымыз керек. Қазақстан осындай ауқымды мәдени шараларды өткізу орнына айналуы тиіс. Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі, деді Бектенов.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНДАЙ ПАЙДА КЕЛЕДІ
«Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов Дженнифер Лопестің 1 тамызда Астанада өтетін концертіне қатысты болжамды экономикалық әсермен бөлісті.
Оның айтуынша, концертке 15 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп күтілуде.
Жалпы қала экономикасына түсетін түсім – 6,5 миллиард теңге шамасында болады. Бұл қаражат негізінен HoReCa (қонақүй, мейрамхана, тамақтану қызметі) саласына бағытталады.
Сонымен қатар, концерттен 400 миллион теңгеден астам салықтық түсім тікелей бюджетке құйылады.
КОНЦЕРТ
Еске салайық, бұған дейін әйгілі Дженнифер Лопес Астанаға келіп концерт өткізетінін хабарлаған едік. 1 тамыз күні Astana Arena сахнасында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопес Up All Night атты дүниежүзілік туры аясында концерт өткізеді.
Биылғы жазда бірнеше ерекше шоу өткіземін. Сіздермен кездесуді асыға күтіп жүрмін. Өте көп уақыт өтті. Бұл жаз керемет болады, — деп жазды Джей Ло Instagram парақшасында.
Концерттің ұйымдастырушылары әзірге билет сатылымының қашан басталатынын хабарлаған жоқ.