×
516.91
586.33
6.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.91
586.33
6.3

Сиыр еті 4000 теңгеге жетті - бұл әлі бастамасы ғана ма

08.04.2025, 19:25
Сиыр еті 4000 теңгеге жетті - бұл әлі бастамасы ғана ма
Ашық дереккөзден

Қазақстандықтар соңғы айларда сиыр еті бағасының шарықтап кеткенін айтып, дабыл қағуда. Бұл жағдайға байланысты Мәжілістегі «дөңгелек үстелде» сөз сөйлеген Қазақстанның Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев саладағы жағдайды ашық әрі нақты сипаттап берді, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

«МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ – НАШАР» 

Мақсұт Бақтыбаев еліміздегі етті бағыттағы мал шаруашылығының жағдайын нашар деп бағалады. Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекет тарапынан үлкен қолдау болғанымен, бір шешімнің кесірінен бірнеше жылдық еңбектің тас-талқаны шыққан.

«Қазақстанда ірі қара мал саны 2 миллионға азайды. Мен бұл жағдайдың себебін және не үшін бұлай болғанын түсіндіргім келеді. Аздаған тарихи шегініс жасасам. 2010 жылы етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы басталған болатын. Экономиканы әртараптандыру аясында қаражат бөлінді, тұқымдық репродукторлар салынды, шетелден асыл тұқымды мал әкелінді, бордақылау алаңдары, ет комбинаттары салынды. Триллиондаған мемлекеттік қаржы — жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар түрінде құйылды.», – деді ол.

Бақтыбаевтың айтуынша, осы инвестициялардың арқасында мал басы артты, жаңа нарықтар ашыла бастады.

«Мысалы, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Парсы шығанағы елдері, Иран секілді мемлекеттерге экспортқа шығу басталды. 2019 жылы біз 240 мың бас ірі қара мен 15 мың тонна сиыр етін экспорттадық.», – деді спикер.

2019 ЖЫЛДАҒЫ ТЫЙЫМ – ҚАТЕЛІК ПЕ?

Мақсұт Бақтыбаев 2019 жылы енгізілген мал экспортына тыйым салуды – сала үшін шешуші қателік деп есептейді.

«Біз нарықта төрт негізгі ойыншы бар едік: бордақылау алаңдары, экспорттаушылар, ет комбинаттары мен ішкі делдалдар. Экспортқа тыйым салынғанда сол төрт ойыншының екеуі – экспорттаушылар мен бордақылау алаңдары нарықтан кетіп қалды. Тек ішкі тұтынушылар қалды. Бұл – теңсіз жағдай. Демпинг басталып кетті», – деді ол.

Салдарынан фермерлер малын өте төмен бағамен сатуға мәжбүр болған.

«1500–1600 теңгеден сата бастады. Бұл – өзіндік құнынан 20%-ға төмен. Фермерлерге бұл тиімсіз болды. Сондықтан олар жай ғана малын қырып тастады. Бес жылдың ішінде 2 миллион мал басы жоғалды», – дейді ол.

«БІЗ ЕНДІ САЛДАРЫН ТАРТЫП ЖАТЫРМЫЗ»

Бүгінде елімізде сиыр еті тапшылығы байқалады. Бұл, әрине, бағаның өсуіне алып келді.

«Қазір ет тапшылығы бар. Сатып алушылар фермаларды аралап жүр. Бордақылау алаңдарына келіп, етті 3000 теңгеден алып кетіп жатыр. Ал базардағы баға – 4000 теңгеге дейін жетті. Осыдан кейін етті Беларусиядан әкеліп жатыр. Ол жақтан 2800 теңгеден түсіп жатыр», – деді Бақтыбаев.

МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ – ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ САЯСАТТА

Оның айтуынша, мал басын қалпына келтіруге 4–5 жыл қажет. Алайда бұл үшін нақты әрі алдын ала болжанатын саясат керек.

«Ең бастысы – бір күнде шешім қабылдамау. Заңмен бекітілген тәртіп болу керек. Тыйым салсаң – өтемақы төле. Механизмі болу керек. Екінші – экспорт көлемін алдын ала бекітіп қою. Өзбекстанмен келісіп, мысалы, жыл сайын нақты көлемде мал немесе ет экспортталатынын келісіп жазу. Бұл оффтейк-келісім сияқты болуы керек», – деді ол.

«ҚАЗАҚ ЕТІ – ӘЛЕМДІК БРЕНД. ОНЫ КОЛБАСАҒА САЛМАУ КЕРЕК»

Мақсұт Бақтыбаев сөзінің соңында Қазақстан етінің сапасы мен беделіне ерекше тоқталды.

«Біздің ет – бұл стейк, бұл мрамор ет. Бұл – биологиялық таза, премиум өнім. Эмираттар мен Иран бізге 20 доллардан төлеуге дайын. Біз соны колбасаға салғымыз келе ме? Онда не үшін өсірдік? Колбаса үшін Бразилияның 3 долларлық еті де жарайды. Онда дәм де жоқ, еттің сапасы да жоқ. Сондықтан біздің сұранысымыз – осы мәселені нақты шешу, саланың беделін сақтау», – деп түйіндеді спикер.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қазақстан не себепті Аргентина, Уругвай сынды алыс құрлықта жатқан мемлекеттерден ет экспорттайды? 

Осы сұрақты “Ұлысмедиа” тілшісі Бақтыбаевқа қойған еді. 

Серіктес жаңалықтары