Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов қазақстандықтарға алаяқтар арқылы рәсімделген несиелерді есептен шығаруға жол ашатын заңнамаға енгізілмек өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚИЗАТОВ НЕ ДЕЙДІ
Мәжіліс депутаттары бүгін екінші оқылымда қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасын қабылдады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада алаяқтар рәсімдеген несиелерді тек сот шешімі арқылы ғана есептен шығару көзделген. Мұндай талап көбіне зардап шеккен азаматтардың өз құқықтарын толыққанды қорғауына елеулі кедергі келтіріп отыр. Осыған орай заң жобасы аясында сотқа дейінгі тәртіппен қарыздарды есептен шығаруға мүмкіндік беретін жаңа негіздер енгізу ұсынылған. Атап айтқанда, Қизатов алғашқы несие рәсімделген кезде банкке немесе микроқаржы ұйымына (МҚҰ) клиенттің жеке өзі келуі міндеттелетінін атап өтті. Сондай-ақ, 24 сағаттық «суыту мерзімі» енгізілмек – бұл кезеңде азамат алған несиеден бас тарта алады.
Бұған қоса, белгілі бір әлеуметтік топтарға қосымша талаптар қойылады. Яғни несие беру үшін қосымша келісім алу міндетті болады. Егер осы талаптар сақталмаса, банк немесе микроқаржы ұйымы мұндай несиені сотқа жүгінбей-ақ есептен шығаруы тиіс. Сонымен қатар, заң жобасында қаржы ұйымдары тарапынан биометриялық сәйкестендіру рәсімін бұзу, алаяқтыққа қарсы орталықтың талаптарын елемеу, не болмаса клиенттің жеке деректерін заңсыз қолдану жағдайларында сот арқылы есептен шығаруға негіз болатын жаңа тетіктер қарастырылған, – деді Олжас Қизатов.
Қизатовтың айтуынша, егер мұндай заңбұзушылықтар сотта дәлелденсе, банктер мен микроқаржылық ұйымдар тиісті несиелерді міндетті түрде есептен шығаруы тиіс болады. «Заң жобасы аясында қазіргі заңнамада мүлде қарастырылмаған – банктер мен МҚҰ-ға қатысты сотқа дейінгі тәртіппен қарызды есептен шығару бойынша жаңа міндеттемелер енгізіледі. Сонымен қатар, сот арқылы есептен шығару негіздері де кеңейтіледі» деп түйіндеді Олжас Қизатов.