Алматы қаласында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ильяс Сариев ұсталды. Ол әлеуметтік желі қолданушылары арасында «қазақ Робин Гуды» ретінде танымал. Ақпаратты қалалық полиция департаменті растады. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің алаяқтық бабымен іс қозғалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БІРНЕШЕ АЗАМАТТАН ШАҒЫМ ТҮСКЕН
Алғаш болып бұл туралы заңгер Нұрсұлтан Орынбеков Instagram желісінде хабарлады. Оның айтуынша, бірнеше азамат полицияға Сариев тарапынан алданғанын айтып, шағым түсірген.
«Оған қатысты бірнеше азаматтан шағым түсті», — деп жазды Орынбеков өз парақшасында.
ТЕРГЕУ ІСІ АЛМАЛЫ АУДАНЫНДА ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, тергеу ісін Алмалы ауданы полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда істің мән-жайын анықтау және заңға қайшы әрекеттердің өзге де эпизодтарын тексеру бойынша кешенді тергеу шаралары атқарылуда.
«ХАЛЫҚҚА КӨМЕКТЕСУ — МЕНІҢ МІНДЕТІМ», — ДЕГЕН САРИЕВ
Сариев бұған дейін бірнеше рет өзінің миссиясы – «қарапайым халыққа көмектесу» екенін айтып келген. Ол өзін «қазақ Робин Гуды» деп атаған болатын.