×
$
439.37
€
498.6
₽
5.22
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
439.37
€
498.6
₽
5.22

Әскерге шақырылғаннан кейін 20 күнде көз жұмған сарбаздың отбасы істі қайта қарауды талап етті

Бүгін, 11:03
Әскерге шақырылғаннан кейін 20 күнде көз жұмған сарбаздың отбасы істі қайта қарауды талап етті
Ulysmedia коллажы

Қаңтар айында Ulysmedia.kz әскерге шақырылғаннан кейін бір айға жетпей қайтыс болған Данияр Амалбековтың оқиғасын жазған еді. Ол кезде Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің өліміне қатысты қылмыстық тергеу жүріп жатқан. Арада тоғыз ай өткен соң Даниярдың туыстары редакцияға қайта хабарласып, жас жігіттің өліміне ешкім жауапқа тартылмағанын айтты. Қылмыстық іс тоқтатылған.

Толығырақ

Данияр 2025 жылғы желтоқсанда мерзімді әскери қызметке шақырылған. Бұған дейін денсаулығына шағымданбаған. Жас жігіт отбасындағы жалғыз ұл болған. Жүрек ақауына байланысты ота жасатуы тиіс анасына қамқорлық көрсетіп жүрген.

9 желтоқсанда Данияр 1414-тен келген хабарламадан кейін әскери комиссариатқа барған. Ол туыстарына отбасылық жағдайын түсіндіріп, үйге қайтатынын айтқан. Алайда медициналық тексерістен кейін оны әскери қызметке жарамды деп танып, Шымкенттегі Ұлттық ұланның №6506 әскери бөліміне жіберген.

– Данияр денсаулығы дімкәс анасының жалғыз ұлы. «Анама қарайтын ешкім жоқ екенін айтып түсіндіріп келемін» деп кеткен. Бірақ сол күйі оралмады. Оны тыңдайтын, құлақ асатын адам бар ма әскери бөлімшеде?! Бірден Шымкенттегі 6506 әскери бөліміне жіберіпті. Зіңгіттей жігіттің денсаулығында мін жоқ деп қабылдап алды. Алайда 11 желтоқсаннан бастап, іші ауырғанын айтып шағымданған, – дейді әпкесі Разида Жаңғожанова.

Шымкентте әскери госпиталь болмағандықтан, Даниярды жекеменшік клиникаға апарған. Онда өкпесін тексеріп, ешқандай мәселе жоқ екенін айтып, үйіне жіберген. Алайда сарбаздың жағдайы жақсармаған. Кейін оны тағы бірнеше ауруханаға апарған.

Ұлын әскерге жібергеннен кейін 20 күн өткен соң отбасыға оның жағдайы өте ауыр екені хабарланған.

«Денелі жігіттен дым қалмаған»

Туыстары Шымкентке келгенде, Данияр жансақтау бөлімінде жатқан. Бірнеше аптаның ішінде жас жігіттің жағдайы күрт өзгерген.

– Барсақ бала жансақтау бөлімінде жатыр екен. Біз жіберген денелі жігіттен дым қалмаған. Арықтап, құр сүлдері жатты. Ақыры көп ұзамай-ақ жүрегі тоқтады. Ол кезде болған жағдайды қабылдай алмай, есеңгіреп қалдық. Енді-енді ес жиып жатырмыз. Басында Шымкенттегі бұл жағдайға қатысты әскери бөлімдегі басшыларға «өлімге жеткізген немқұрайлы қатынасы» үшін қылмыстық іс қозғалды, бірақ екі апта бұрын істің құлмыстық құрамы жоқ деп қысқартылғаны хабарланды, – дейді марқұмның туыстары.

Данияр бір ай да қызмет етпей қайтыс болған.

Қылмыстық іс тоқтатылды

Әскери қызметшінің өлімінен кейін Шымкентте қылмыстық тергеу басталған. Іс адам өліміне әкеп соққан салғырттық фактісі бойынша әскери бөлім басшылығына қатысты қозғалған.

Шамамен екі апта бұрын отбасыға тергеудің тоқтатылғаны хабарланған. Амалбековтер бұл шешіммен келіспейді. Олар Даниярдың өліміне ешкім жауап бермей қала ма деп алаңдайды.

Туыстары Даниярдың әскерге дені сау болып кеткенін, алайда бірнеше күннен кейін-ақ іші ауыратынына шағымдана бастағанын атап өтті. Енді олар оның жағдайының неліктен соншалықты тез нашарлағанын, оған медициналық көмек уақытында көрсетілді ме және сол кезде сарбазға кім жауапты болғанын білгісі келеді.

Ulysmedia.kz қылмыстық істің не себепті тоқтатылғанын анықтау үшін Ішкі істер министрлігіне сауал жолдаған. Материал жарияланған сәтте редакцияға жауап келмеген.

Ұлттық ұлан қатарындағы қайғылы жағдайлар

Данияр Амалбековтың оқиғасы Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшілеріне қатысты жалғыз резонансты жағдай емес.

2023 жылғы желтоқсанда Алматыдағы №5571 әскери бөлімде қызмет еткен Ербаян Мұхтар ауыр жарақат алған. Ұлттық ұланның ресми нұсқасы бойынша, жас жігіт дәретханада құлап, басын соғып алған. Алайда оның отбасы бұл нұсқамен келіспей, Ербаян зорлық-зомбылықтан зардап шегуі мүмкін екенін айтқан.

Жас сарбаз ауруханаға ауыр бас-ми жарақатымен түскен. Оған шүйде сүйегінің сынуы, ми ісінуі және субдуралды гематома диагнозы қойылған. Жігіт жарты жылға жуық комада жатқан. Кейін ұзақ уақыт ем қабылдап, оңалтудан өткен, соның ішінде Түркияда да емделген.

2026 жылғы 23 маусымда, қызмет кезінде алған жарақатынан кейін екі жарым жылдан астам уақыт өткен соң, 23 жастағы Ербаян қайтыс болды.

Ол қайтыс болғаннан кейін Ulysmedia.kz Ішкі істер министрлігіне тергеу барысы туралы сауал жолдаған. Шілде айында ведомство Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы әскери қызметшінің дене жарақатын алу мән-жайларын тергеуді жалғастырып жатқанын ғана хабарлады.

Министрлік күдіктілер мен істің қашан аяқталатыны туралы ақпаратты Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап жарияламаған.