"Қазгидромет" РМК синоптиктері алдағы күндері Қазақстанда ауа райы құбылмалы болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАУЫН-ШАШЫН МЕН АУА РАЙЫ ФРОНТТАРЫ
Синоптиктердің мәліметінше, атмосфера фронттарының өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ та түсуі мүмкін. Түнде елдің солтүстігі мен солтүстік-батысында жаңбыр мен қар жауады.
Жауын-шашын 12 сәуірде Қостанай облысында, 13–14 сәуірде Ақмола облысында, ал 14 сәуірде Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында мол түседі. Сонымен қатар республика бойынша тұман түсуі мүмкін.
СУЫҚ ПЕН ҮСІК
12 сәуірде Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында, 12–14 сәуір аралығында Ақтөбе облысында, ал 13–14 сәуірде Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде -1-ден -3 градусқа дейін үсік болады. Синоптиктер тұрғындар мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне қандай да бір жұмысты жоспарлағанда ауа райын ескеруді ескертті.